{metadescription}
Алматыдағы атыс: Дужнов 10 шақты компания мен жеке тұлғаларға да қарыз
Алматыдағы атыс: Дужнов 10 шақты компания мен жеке тұлғаларға да қарыз

Алматыдағы атыс: Дужнов 10 шақты компания мен жеке тұлғаларға да қарыз

Банктен бөлек, талай адамға миллиондап берешек. Алматыда бес адамды атып тастаған Игор Дужновтан қарызын тіпті сот арқылы өндіре алмай жүрген азаматтар шағымдануда.

Бұрынғы отбасылық досының айтуынша, Дужнов одан 35 мың еуро алып, он жылдан бері бермей зар қақсатып келеді. Енді бірі қолхатпен берген 200 мың долларымды қайтармады деп әлеуметтік желіде шу көтерді. Тіпті берешекті қайтармаудың амалы ретінде одан екі жылдай хабар-ошар болмаған. Сөйтсе  Игорь Дужнов осы уақытта Донбасстағы соғысқа барып келдім деп, жора-жолдастарына мақтанышпен айтып жүріпті. Егер қаскөйдің бұл сөзі рас болса, онда ол сепаратизм бабы бойынша да жауапқа тартылуы мүмкін.  

Бес бірдей адамды атып тастаған Игорь Дужновтың отбасымен журналист Елена Винокурова ұзақ жылдар бойы араласқан екен. Бірақ әулеттер арасындағы жақсы қарым-қатынасты қыруар ақша бұзыпты. Яғни Игорь Дужнов әріптесіміздің анасынан он жыл бұрын 35 мың еуро қолхатпен қарыз алған. Бірақ бұл берешекті Винокурова әлі күнге дейін өндіріп ала алмай жүргенін жеткізді.

Елена Винокурова, журналист:

- Мен Игорьдың отбасын 16 жылдан бері танимын. Менің әкем Анаиданың әкесімен дос болған. 2009 жылы әкем қайтыс болған соң, төрт күннен кейін Игорь анама келіп қолхатпен қарыз алып кетеді. Маған анам қарыз туралы бес жылдан кейін бір-ақ айтады. Сосын мен сотқа беріп жеңіп шығамын. Бірақ ақшаны қайтару мүмкін болмады. Сол кезде біз Игорьдің қарызға белшеден батып, дүние-мүлкінің барлығы кепілде тұрғанын көріп таң қалғанбыз.

Винокурова қырғын салған Дужнов қарызды қайтармай зар қақсатқан бес адамды нақты танитынын айтады. Айналасынан қолхатпен миллиондаған ақша ала беріп тығырыққа тірелген Дужновтың екі жыл із-түссіз жоғалып кеткені де журналистің есінде. Сол уақытта оның әйелі Демирчян полицияға арыз жазып, күйеуінің жоғалғанын қарыз берген адамдардан көріпті. Ал екі жылдан кейін ещтеңе болмағандай оралған Дужнов өзін іздеп келген адамдарға Донбасстағы соғысқа қатысып келгенін мақтанышпен айтты дейді Винокурова. 

Елена Винoкурова, журналист:

- «Игорь екі жыл қайда болдың?» -  деп сұрадым. Сол кезде маған «Донбасста соғыстым» деп жауап берді. Ал оның жұбайы күйеуімді қарыз берген адамдар ұрлап кетті деп арыз жазған еді. Неге адамдар қарызды оңай бере салды деген сұрақ туындайды. Себебі, бұл отбасы мүшелері діндар болған. Шіркеу салуға көмектесіп қайырымдылықпен айналысқан. Ауқатты әулет болған. Әсіресе Демирчянның сол уақытта кәсібі дүркіреп тұрды.

Винокурованың сөзінше, Анаида Демирчян 2000-шы жылдары Ресейден дөңгелек әкеліп көтерме саудамен айналысқан белді кәсіпкер болған. Содан кейін бұл бизнесті күйеуіне тапсырып, сұлулық салонын ашыпты. Дегенмен күйеуінің қарызға белшесінен батқанынан әйелі хабарсыз болды дегенге сену қиын деп отыр. «Сондықтан Дужновты бұл қылмысқа әлдекімдер итермеледі деп айту ақылға қонымсыз», - дейді Елена Винокурова.

Елена Винокурова, журналист:

Игорьды кей адамдар жүйеге қарсы шыққан күрескер, оның бұл қылмысқа сот орындаушы, банк пен сот итермеледі деп айтып жатыр. Бірақ мен оны жақсы танитын адам ретінде айтайын. Бұл қате пікір. Өйткені Дужнов қарыз алып қайтармай үйренген адам. Осы қарыздары оған тыныштық бермеген. Сосын қылмысқа барды. Кешегі марқұмдардың орнында мен сияқты ақшаны қайтара алмай жүрген кез келген адам болуы мүмкін еді.

Борышкерлердің тізімі жарияланатын арнайы сайтта Дужновтың он шақты компания мен жеке тұлғаларға қарызы бар екені көрсетілген. Сол үшін Қазақстан аумағынан шығуға тыйым салынған.

Игорь Дужнов қазір қамауда отыр. Ол апта басында үйін босатуды талап еткен сот орындаушы, екі учаскелік полиция қызметкері мен тағы екі адамды аңшы мылтығымен ауласында жайратып салды. Қанды оқиғаға қатысты екі қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде