{metadescription}
Автогаз неге қымбат әрі тапшы? Министрлік түсіндіре алмады
Автогаз неге қымбат әрі тапшы? Министрлік түсіндіре алмады

Автогаз неге қымбат әрі тапшы? Министрлік түсіндіре алмады

Елордада автогаздың литрі бір тәулікте 30 теңгеге қымбаттап кетті. Соның өзінде Нұр-Сұлтандағы газ құю бекеттерінің басым көпшілігінде отынның бұл түрі атымен жоқ.

Ал саусақпен санарлық бірнеше бекетте тек талонмен сатылуда. Оған қолы жетпеген жүргізушілер сағаттап ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр. «Сұйылтылған газдың бағасын нарық реттейді» деген энергетика министрлігі қымбатшылық пен тапшылыққа не себеп болғанын түсіндіре алмады.  

- Қазір көпір астынан бастап 30 көлік тұр. 36-шы болып артынан кезек алып кеттім, үлгерсем келемін деп.  

Газ құю бекеттеріндегі бітпейтін кезектен әбден шаршаған елордалық Мақсат үш күннен бері  сұйытылған отынға қол жеткізе алмай жүргеніне наразы. Ол небәрі бір тәулікте газ бағасының литрі 80 теңгеден 110 теңгеге аспандап кеткеніне таңқалады. Ең болмаса, қымбат баға да, сатса да, талон бермей ме деп қынжылады. Жүргізуші газ таба алмай, қаланың айналасындағы елдімекендерді де шарлап келген.

Мақсат Маралбаев, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- 10 бекетке барып келе жатырмын. Еш жерде газ жоқ. Бәрі талон. Сұрастырып жатырмын, оны бас бекеттен барып аласыздар дейді. Оның қайда екенін білмейміз гой. Іздеп жүреміз бе? «Газы қай жерде, талоны қай жерде бар деп. Тіпті Александровқа дейін барып келдім.

Қазір қалада 200-ге жуық жеке газ құю бекеті бар.  Басым көпшілігінде "Газ жоқ" деген тақтайшалар тұр. Күз басталса-ақ ылғи осындай қиындық туындайтынына ашынған жұрт, «биліктегілер бағаны қымбаттату үшін әдейі істеп отыр»  деп ой түйеді.

Есмағанбет Сматов, көлік жүргізушісі:

- Бір-бірімен келісіп алған деп ойлаймын. Қалай ол? Елді кім ойлайды?  Халықты кім ойлайды? Бұл істеп жатқаны дұрыс емес!  

Ал кей газ бекеттерінің қызметкерлері халықтың пікірін жоққа шығарады. Олар көгілдір отынның үздіксіз келіп жатқанын алға тартып, күрмеуі қиын мәселе жоқ екенін айтады.

Газ бізде бар. Ешқандай проблема жоқ.  Бізде Қарағандыдан әкеледі. Өтініш берсе, қалай бітеді, солай алып келеді.Екі күн, бір күн, әртүрлі жүреді.

Соңғы аптада газ тапшылығы елордамен қатар еліміздің батыс өңірлерінде де байқалды. Қазір Ақтөбе мен Атырауда  газ тапшылығы бәсеңдегенімен, баға күннен-күнге өсуде. Мәселен, Атырау облысында осыдан үш апта бұрын 65 теңгеден сатылған сұйытылған газ қазір 100 теңгеге таяп қалды. Ақшаға құныққан алыпсатарлар  тұрғындардың қалтасын қағып жатыр. Аймақта сұйытылған газбен қамтамасыз ететін төрт бірдей мекеме болса да, бағаны тұрақтандыруға жергілікті билік қауқарсыз.  

Анар Ахметова, Атырау облысы энергетика және ТҮКШ басқармасының бас маманы:

- Атырау облысына 6,5 мың тонна мұнай-газ бөлініп келуде. Яғни оның 70 пайызы электронды сауда аумағы арқылы бөлінсе, 30 пайызы әлеуметтік газ болып табылады. Сұйытылған мұнай-газдың электронды сауда аумағынан бөлініп жатқан  газға министрлік тарапынан бақылау жүргізілмейді.

Газдан үміт үзгендер бензин құя бастаған. Әйтсе де бензиннің де бағасы ырыққа көнбей барады.

Еліміздегі 4 миллион автокөліктің 10 пайызы сұйылтылған газбен жүреді. Арзан жағармай саналатын бұл отынға енді олардың қолы жетпей қалды. Батыста баға шамамен екі есеге өссе, солтүстік өңірлерде апта басында автогаздың литрі 110 теңгеге жеткен. Қазан айында баға өсе бастағанда автогаз желілілерінің иелері мұны тасымалдау кезінде  туындаған қиындықтар мен жөндеуге жабылған Ақтөбе зауытын сылтауратып ақталған еді. Ал энергетика министрлігі: «Газдың бағасын нарық реттейді, өңірлерге отын баяғы көлемде уақтылы жеткізілуде» - дегеннен әрі аспады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде