Juldyz Palace құрылысы салымшыларын екі жыл күттіріп қойған
Ақтауда 200-ге жуық үлескер екі жылдан бері үйін ала алмай жүр. Juldyz Palace тұрғын үй кешенінің салымшылары жаңа пәтерге 2019 жылы қоныстануы керек еді. Бірақ сақалды құрылыстың аяқталатын түрі жоқ.
Автор: Айман Нұрмағанбет
02.11.2021
Үйін даулаған үлескерлер әкімдікке де барыпты. Сол жерде мердігер, пәтерлерді жақында береміз деп ант-су ішкен екен. Содан бері де төрт ай өтті. Ал құрылыс компаниясы құрғақ уәдемен тойдырып келеді дейді жиналғандар.
Екі жылдан бері жаңа пәтерін күтіп зарығып жүрген Juldyz Palace тұрғын үй кешінінің үлескерлері салынып жатқан үйдің алдына жиналды. Осылай жиі бас қосып, пәтер алатын уақытты талқылау дәстүрге айналды дейді олар. Жиналғандардың көпшілігі пәтер құнын 100 пайыз төлеп тастаған екен.
Қанат Шәріпов, үлескер:
- Үш бөлмелі үйге 16 миллион теңге салдым. Бітпеген. Қарасаңыз, тіпті қорқынышты. Қоқыс құбыры жоқ. «Шелегіңді алып төменге түсіп төгіп кел» деп жауап берді. Ол не жауап?
Үлескерлер салынып жатқан үй келісімшартта көрсетілген суретке сай келмейді дейді. Яғни жарнамасы жер жарған кешеннің бастапқы жобасы өзгерген. Осындай кемшіліктерді айтып, үлескерлер жазда қал әкімдігіне де барыпты. Атқамінерлердің алдында мердігер мекеменің өкілі үйді «биыл береміз» деп ақталған.
Сейсенбек Түйешиев, үлескер:
- Әкімдікте кездесіп бәрін айттық. Ол өз қолымен бізге график берді. Графиктың біреуі әкімдікте. Ең бірінші біз былтыр 26 қазан күні осында кездестік. Бізге 31 наурызда қолдарыңа береміз деп график берді. Одан кейін біз 9 сәуірде бардық 31 наурызда неге бітірмедің деп, 9 қазанда айтты, «шілденің 31-де бітіріп береміз» деді де, екінші графикті берді.
Ал құрылыс компаниясының өкілдері жақын арада үй беріледі деп сендірді. Қазірдің өзінде 35 тұрғынға пәтер кілті табысталыпты.
Қайырболат Жанғалиев, құрылыс компаниясының директоры:
- Осы айдың ішінде негізгі сату/сатып алуда отырамыз. Біздің барлық жұмысымыз бітіп тұр. Енді қазір абаттандыру қалды. Оның ішінде балалар алаңының ақшасы төлеулі, соны күтіп отырмыз. Жол, асфальт алаңға төселу керек.ТВС-пен келісімшартқа отырдық. Су, жылу, тоқ – бәрі келіп тұр.
Енді үлескерлерге желтоқсан айына дейін күтуден басқа амал жоқ. Егер жаңа жылды жаңа пәтерде қарсы алмасақ, облыс әкімі мен құзырлы органдарға арыз жазамыз дейді жиналғандар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары