Нұр-Сұлтанда құрылыс компаниясы сот шешімін пысқырмай отыр
Нұр-Сұлтанда құрылыс компаниясы сот шешімін пысқырмай отыр. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің төрт бабын өрескел бұзса да, олар элиталы тұрғын үй кешенін салуды доғарар емес.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
02.11.2021
Беделді компанияның әрекеті мен елорда әкімдігінің үнсіздігіне құрылысқа жапсарлас тұрған үйдің тұрғындары наразы. Жұрт қаланың бос жоспарында көрсетілген емхананы талап етуде.
Қаламқас Сауырбаева, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Бес мың жанұя тұрады осы жерде. Үй үйдің үстіне салынған. Емханамыз жоқ. Баратын жеріміз мына жердегі «Шипагер» деген емхана. Ол жерге жазылу деген қиямет. Бір терапевт, эндокринологқа жазылу үшін алты ай жүреміз. Емхана керек мына жерге. Жоқ, «Орда Инвест» өздерінше мына жерде тұрғын үй кешенін сала бастады. Біздің талап, әкімдіктің талабы бірдей орындалмай жатыр.
«Тұрғын үй құрылысы тоқтатылсын!», «Емхананы талап етеміз!» деген плакаттар қоршаудың әр жеріне ілінген. Ашуға булыққан тұрғындардың кейбірі бетін тұмшалап арнайы костюм киіп, дыбыс шығару үшін барабанын алып келіпті. «Хайвилдегі» бұқара осындай әдіспен ел билігі назар аударады деген сенімде. Өйткені жарты жылдан бері құрылысқа тосқауыл болар ешкім жоқ. Қазығы қағылып, іргетасы қаланып жатқан кешеннің орнында негізінен медициналық орталық пен емхана бой көтеруге тиіс екен. Үш рет өткен сот процесінде де құрылысшылар жеңіліп қалған. Айыппұлмен құтылыпты. Ал қала әкімдігі беделді компанияға жер телімін «алты айға уақытша бердік, оның да мерзімі өтіп кетті» дейді. Шенеуніктер енді бассыздыққа барғандарды құрылыс алаңынан қуып шықпақ.
Алмас Ермағамбетов, Нұр-Сұлтан қаласы орта сапасы және бақылау басқармасының бас маманы:
- Бұл іс бойынша тексеру жүргізілді. Құрылыс компаниясына қатысты «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 463, 316-баптарының 1-бөліктері бойынша және 319, 321-баптарымен ұйғарым берілді. Ұйғарымға сәйкес құрылыс монтаждау жұмысын тоқтатып, анықталған заңбұзушылықтарды 30 күн ішінде жою талап етілді. Алайда мекеме оны толық орындамай отыр. Қазір іс басқарма тарапынан азаматтық сотқа жолданып, мәжбүрлеп орындату көзделуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары