Алматы облысында ғалымдар бірнеше ай жалақы алмаған
Ғылыми институт қызметкерлеріне сүт сатқызған. Алматы облысында бірнеше айдан бері жалақы көрмеген Медеубеков атындағы қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары наразылыққа шықты.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
02.11.2021
Ғылым ордасының 50-ден астам қызметкері қаржыдан қиналып қарызға белшеден баттық деп базынасын айтты. Оған қоса басшылық кей қызметкерге сүт сатқызып, ауланы тазартуға мәжбүрлейтін көрінеді. Берекесі қашқан институттағы жағдайды КТК тілшісі көріп келді.
Мыңбаев ауылындағы селекциямен айналысып асыл тұқымды қойларды шығаратын Медеубеков атындағы ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері. Ұлардай шулаған 50-ден астам қызметкер бастықтың жиі ауысуынан «маңдай тер ақымызды бірнеше айдан бері алмадық» деп жиналған. Басшылықтары базалық қаржыландырудан 100 мың теңге жалақы бекітіпті. Бірақ соның өзіне жаздан бері жете алмай, өлместің күнін кешіп жүр.
Зәуре Ахатова, Медеубеков атындағы ғылыми-зерттеу институтының қызметкері:
- Айлық мәселесі маусым айнын басталып келеді. Басшылық жаздан бастап қаржыландыруды тоқтатты. Біз олардан бірнеше рет көмек сұрағанмен, еш жауап қайтармады. Адамдар осы институтпен өмірін байланыстырады. Сол үшін тастап кете алмайды. Барлығы ақшасыз қалды. Бүкіл дүкендерге қарыз болып біттік.
Қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты филиалының 90 жылдық тарихы бар. Ғылым ордасында 80-ге жуық адам жұмыс істесе, оның ішінде 60 шақтысының ғылыми дәрежесі бар. Онымен қоса қарызға белшесінен батқан қызметкерлер басшылар құзырымызға кірмейтін жұмыстарды тапсыруы тіптен ақылға қонбайды деп кіжінеді. Мысалға, институттан шыққан сүтті вахтерға сатқызып, ауланы тазартқызады екен. «Істемейтін болсаңдар, жұмыстан шығасыңдар» деп қоқан-лоққы көрсететін сыңайлы.
Әлия Қыдырмолдина, вахтер:
- Бізге келді де, мойнымызға сүтті ілді. Сүт, қаймақ, ірімшік саттық. Қашан көрдіңіздер күзеттің сүт сатқанын. Жарайды, үндемейміз. Есік алдын, айналаны тазалаймыз. «»Менімен ерегеспеңдер, ерегессеңдер, басшылықта менің көкелерім отыр, жұмыстан қуыласыңдар. Соларға бұйрық берем, олар шығарып жібереді» - деді. Менде даже жазбасы бар.
Әлия Қыдырмолдинаның айтып отырғаны – бас зоотехник. Оның дөрекі сөйлеп, көрсеткен қорлығына шыдай алмай жұмыстан шығып кеткен қызметкерлер көп дейді шағымданушылар.
- Орындарыңнан қалай айырылатындарыңды білесіңдер бе? Менімен ерегіспей-ақ қой. Бұл жерге де, ана жаққа да кім басшы болып келетінін мен білемін. Менің адамдарым. Ағаларым.
Жалақымен қоса, қызметкерлердің әбден тозығы жеткен ғимратта жарық пен жылудың жиі өшуінен әбден мазасы қашқан. Ал институттың басқарма төрағасының орынбасары: «Мемлекеттік бағдарламаны ұта алмай қаржыдан қағылып, ғалымдар жалақысыз қалды» - дейді. Ал ескі ғимаратты жөндеу келесі жылдан бастап жүргізілуі мүмкін деп сендірді. Жауаптылар сүтті сатқыздырған зоотехникпен жеке сөйлесіп, мәселені алдағы уақытта шешеміз деп айтты.
Мәулен Байділдә, Медеубеков атындағы ғылыми-зерттеу институты басқарма төрағасының орынбасары:
- Конкурстан тыс тапсырыс беріп жатырмыз. Ол қазір қарастырылып жатыр. Осы жылдың аяғына дейін шығып қалады. Содан айлық төлейміз. Сүт сатқызған адамды білдік. Осы жерде бізде жұмыс атқарады, зоотехник болып. Біз ол кісіні шақырып, осы жерде жеке сөйлесіп баяндамасын аламыз.
Алайда инстутуттың ғалымдары мен қызметкерлері айлық алу үшін келесі бағдарламаны күте алмаймыз деп отыр. «Қаржыдан қысылдық» деген олар адал ақымызды жақын арада алмасақ,т күнкөріс тіптен қиындайды деп күйінеді. Ғылымды ғалымдар басқарсын деген қызметкерлер жалақы мәселесі бір апта ішінде шешілмесе, президентке хат жазуға бекініп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары