Шетелге шықпас бұрын қарызыңды тексеріп ал
Есірткі тасыған, бағалы әшекейлерді шекарадан алып өтпек болған. Құндының арасында әшекейден бөлек, сирек кездесетін құстар да бар. Бұл ел шекарасында кездесетін қылмыс түрлері.
Автор: Елдос Есенбол
11.11.2021
Жалған құжат жасатып түрлі қитұрқылыққа баратындар да жетерлік. Тек Нұр-Сұлтан әуежайында соңғы үш жылдың өзінде миллиард теңгеден астам контрабанда тауардың жолы кесілген. Елорданың әуе қақпасындағы шекарашылардың қызметі қандай?
Нұр-Сұлтан әуежайына алыс-жақын шет елден келушілер де, шет елге шығатындар да көп. Арасында ел азаматтары да бар. Бірі қызмет бабымен, енді бірі – турист. Бәрін де құшақ жайып қарсы алуға дайынбыз. Егер мақсаты түзу болса. Себебі, соңғы үш жылда ел шекарасында тәркіленген контрабанданың құны 1 миллиард 200 миллион теңгені құрайды. Терроризм үігттейді деген күдікпен 2000-ға жуық кітап алыныпты. Сол үшін Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің мамандары тәулік бойы мүлтіксіз жұмыс істейді.
Ерлан Данияров, «Нұр-Сұлтан шекаралық бақылау бөлімі бастығының орынбасары:
- Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің мамандары жұмыс барысында шекараны заңсыз кесіп өтуге тырысқан азаматтарды ұстады. Олар Қазақстан Республикасының аумағына кіруге ,не шығуға тырысқандар. Мысалы, тексеріс кезінде саяси тұрақтылығы күмән туғызған азаматтар болды. Дереу біздің қызметкерлер төлқұжатын тексерді. Нәтижесінде құжаттары жалған болып шықты.
Қызмет сапасын жақсарту мақсатында мұнда 2017 жылы халықаралық ЭКСПО көрмесі кезінде жаңа терминал салынған. Тексеру кабиналары көбейтілді. Келіп-кетушілердің де саны артқан.
Эпидемиологиялық ахуалға байланысты карантин талаптарын да естен шығармайды. Егер құжатыңыз сақадай-сай болса, қазір 28 елге кедергісіз шыға аласыз. Демек осыншама мемлекеттің азаматтары да Қазақстанға емін-еркін кіре алады.
Ел аумағынан шығар кезде мойныңызда қарыздың бар-жоғы да қатаң тексеріледі.
Ерлан Данияров, "Нұр-Сұлтан" шекаралық бақылау бөлімі бастығының орынбасары:
- Азаматтардың басым көпшілігі қарызы бар екенін елден шығар тұста, төлқұжатын тексеру кезінде бір-ақ біледі. Мұнымен қоймай, кезек күткен өзге азаматтарға кедергі келтіреді. Кейбірі тіпті қарызын төлегені туралы түбіртекті көрсетіп өзін шекардан шығаруды талап етеді. Бірақ бұндай азаматтар ел аумағынан шығарылмайды. Себебі, бұл сот орындаушыларың құзырындағы мәселе.
Мұндай келеңсіздіктерге тап болмау үшін шетелге шықпас бұрын егжей-тегжейі тексеріп алған абзал. Электронды үкімет порталы арқылы немесе Әділет министрлігінің сайты арқылы қарызыңыздың бар-жоғын анықтай аласыз. Сапалы қызмет тек бізге емес, азаматтардың өзіне де байланысты екенін ұмытпаса дейді шекарашылар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары