{metadescription}
Карантин кезінде елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық 41 пайызға өскен
Карантин кезінде елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық 41 пайызға өскен

Карантин кезінде елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық 41 пайызға өскен

Былтыр карантин кезінде елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың көрсеткіші 41 пайызға өскен. Мұндай үрейлі статистиканы бүгін Дағдарыс орталықтарының одағы мәлімдеді.

Күйеуінен қорлық көрген, оңбай таяқ жеп дағдарыс орталықтарында бас сауғалайтын әйелдер күн сайын көбейіп бара жатқан көрінеді. Сорақысы сол, кінәлі күйеулер жазаға тартылмайды дейді. Өзекті мәселені ортаға салғандар Қылмыстық кодекске арнайы бап енгізу керек деген талаптарын қойды. 

Күйеуінен көрген құқайы есіне түссе, Әлияның тұла бойы шымырлап, еріксіз жанарынан жас ағады. Соңғы рет аяусыз төмпештегенде қорғанамын деп қолына түскен пышақпен жауырынын жаралаған. Сол күні ауруханада жарасын таңып, «жазылады» деп жібергенмен, екі күннен кейін көз жұмыпты.

 Әлия Жанғожина:

- Не болғанын түсінбей қалдым. Кезекті жанжалдың арты осылай аяқталады деп ойламадым. Ол уақытқа дейін дұрысталар деп, үндемей ұрғанына көніп келдім. Мені қылқындырғанда есімнен танып қала жаздайтынмын. Ал соңғы рет шарасыздықтан қолыма түскен пышақпен қорғандым. Менің түсінбейтінім, егер де денсаулығына қауіп төнсе, аурухана не себепті үйге жібере салады? Дәрігерлердің салғырттығынан, енді мені жәбірленуші емес, күдікті етіп соттай ма деп қорқамын.

Бір қарағанда бұл сұлулық байқауына қатысушы қыз-келіншектердің фотосы ма деп қаларсыз. Шынтуайтына келгенде отбасындағы озбырлықтан опық жеп дағдарыс орталығында оңалғандар. Олар «бас жарылса бөрік ішінде» деп шыдап келгенмен, ақырында аты күйеу болғанмен, болмысы дүлей жарларынан қашып құтылғандар.

Әйгерім:

- 15 жыл тұрдым. Он бес жылдан кейін соңғы ұрған кезде мен жүре алмай қалып, миым шайқалып тұра алмай қалдым. Ол мені қатты ұрып тастады. Қазір, тәуба, сауда өкілі болып жұмыс істеймін, балаларым қасымда. Қорықпау керек деп ойлаймын, сенім болу керек, ол сенімге жету оңай емес.

Бүгін тағдырластардың басы бір үстелде тоғысты. Оларды қиын сәтте панасына алған дағдарыс орталығының өкілдері бұл кездесуге мұрындық болды.  Жыл сайын дүние жүзінде 50 мыңнан астам әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан көз жұмса, оның 400-і – қазақстандық келіншектер. Сондықтан ескертумен құтылып кететін есер еркектердің есін жиғызу үшін арнайы қылмыстық бап қабылдау керек дейді жиналғандар.

Зүлфия Байсақова, «Дағдарыс орталықтарының одағы» ЗТБ төрайымы:

Қылмыстық кодексте «Отбасындағы зорлық-зомбылық» деген бөлек бап болуы керек. Денеге келтірілген жарақатқа байланысты жазалаудың әр түрлі формасы қарастырылуға тиіс. Сондай-ақ озбырлық көрсеткен адамды психологиялық тексерістен өткізіп, қажет болғанда түзеу мақсатында қоғамдық жұмысқа қосу керек. Қазір қолданыстағы заң өте босаң.

Елімізде қазір 30 дағдарыс орталығы бар. Жылына орташа 25 мыңнан астам әйелге құқықтық және психологиялық көмек көрсетіледі. Бүгінгі жиын ортасынан Әлия Жанғожина да табылды. Жаны қысылғанда қорғанамын деп пышақ сілтегенін өзіне қарсы қолданбаса деп тілейді.

- Сол сәтте ол сенің өмірің оның қолында деп ойлайды. Ал сен болсаң қатты үрейден не істеріңді білмей есіңнен айырылып қаласың. Тап сол кезде өз өмірің тек өзіңнің ғана қолыңда екенін естен шығармаңыз, жасырып қалмаңыз.  

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.