17 адамның өлімі 4 сарбаздың мойнына артылуы мүмкін – Жамбыл облысы
17 адамның өлімі 4 сарбаздың мойнына артылуы мүмкін. Жамбыл облысындағы әскери бөлімде болған жарылысқа бірнеше жауынгер айыпталып жатыр. Олардың үстінен қылмыстық іс қозғалып, екі айға қамауға алған.
Автор: Руслан Әбдіхалық
15.03.2022
Ал күдіктілердің жақындары жоғары лауазымды әскерилер өздерін ақтап алу үшін бар кінәні жауынгерлерге жаба салды деп санайды. Басы дауға қалған әскерилер кімдер, тергеушілер не дейді?
Шымкенттің тумасы Әсет Әшірбай Құландағы 42062 әскери бөлімінде отан алдындағы борышын өтеп жүрген. Сол жерден жалпы саны 40 сарбаз Байзақтағы әскери бөлімге жеткізіліп, оларға қару-жарақ қоймасын тазарту жұмыстары жүктеліпті. 26 қазан күні 4 жауынгер сол тапсырманы орындауға қалған. Олар кетіп қалғасын бір сағаттан соң жойқын жарылыс болған. Енді осы жағдайға қоймадан соңғы шыққан төртеуі айыпталуда.
Алмагүл Асанова, Ә.Әшірбайдың анасы:
- 19-қазанда балаларымыз қайтуы керек еді. Біз ата-аналары күтіп отырмыз. Әрқайсысы әр жақта. Сағына күтіп отырмыз. Олар келмейді. Неге? Оларды тағы 10 күнге қалдырды. Осы жарылыстың кесірінен оларды тергеуге алған. Сол сарбаздардың ішінен төртеуін тергеуге алған.
Бұлар өткен жылдың қазан айында әскери борышын өтеп болып, артынша келісімшарт негізінде қызмет етуге қалады. Кейін біртіндеп тергеуге шақырыла бастайды. Ал бірнеше күн бұрын төрт әскериді қамауға алыпты. Екі бап бойынша айып тағылған – бөтеннің мүлікін қасақана жою немесе бүлдіру және әскери мүлікті қасақана жою немесе бүлдіру.
Ералы Мұратов, Е.Тұрановтың әкесі:
- Неге бұның старшинасы, неге взвод командирі жауап бермейді. Неге солдат? Ол қайда жіберсе сонда барады. Ол офицердің айтқанын істеймін деп присяга қабылдаған. Неге офицер бастықтары соған жауап бере алмай жатыр? Неге баланы ұстап психикалық ауыртып отыр.
Балаларын қорғаған ата-аналар жоғары лауазымды әскерилер өздерін ақтау үшін бар кінәні жазықсыз жауынгерлерге жауып жатыр дейді. Бұлай секем алулары бекер емес. Өйткені кейбір ата-анаға әскери шенділер күдікті ұсыныс жасаған.
Алмагүл Асанова, Ә.Әшірбайдың анасы:
- Маған мына жердегі бастық Мамырбаевтың айтқан сөзі: «Балаңызды көндіріңіз, басқа біреуге аударамыз» дейді маған. «Не үшін?, Мен баламмен сөлесемін» дедім. Баламның айтқаны:»біз еш нәрсе істеген жоқпыз» дейді.
Ал әскери тергеу басқармасы бұл іске қатысты ләм-мим деп жауап бермеді.
Былтыр тамыз айында Байзақ ауданындағы әскери бөлімінде жойқын жарылыс болып, 17 адам ажал құшқан. Бір жауынгерден әлі күнге хабар жоқ. Оқыс жағдайдың себебі де сол күйі айтылмады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!