{metadescription}
Бір жарым миллион адам несиесін жаба алмай сандалып жүр
Бір жарым миллион адам несиесін жаба алмай сандалып жүр

Бір жарым миллион адам несиесін жаба алмай сандалып жүр

«Онлайн несие беру тоқтатылсын». Мәжілісмендер бүгін Қаржы нарығын реттеу агенттігіне осындай талап қойды. Өйткені кепілсіз, сұраусыз, тек төлқұжат нөмірімен берілетін қарыздар қазақстандықтарды діңкелетіп біткен.

Қазір елімізде бір жарым миллион адам несиесін жаба алмай сандалып жүр. Дені микроқаржылық ұйымдарға берешек. Онлайн несиенің мәселесі тез арада шешілмесе, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң да көмектеспеуі мүмкін дейді депутаттар. 

Ел тұрғындардың қазір үштен бірінде несие бар. Яғни елімізде алты миллионнан астам адам банктерге немесе микроқаржылық ұйымға қарыз. Өкініштісі, оның дені проблемалы кредит. Келесі айлыққа тиын санап әрең жететіндер ай сайын пәтерақысын төлеуге, баласын оқытуға, басқа кредитін төлеуге, тіпті азық-түлікке де онлайн-қарыз алады екен. Кейін қалай төлерін білмей шарқ ұрып, түрлі жағдайға ұрынып жатыр дейді депутаттар.  

Мәжілісмендер мәселенің салдарымен емес, себебімен күресуді ұсынады. Даудың бәрі онлайн несие рәсімдеуден басталады дейді олар. Қазір санаулы минутта кепілсіз, сұраусыз, айлық мөлшерін көрсетпей, қалаған соманы алуға болады.

Дания Еспаева, Мәжіліс депутаты:

- Микрокредиттер тұтынушы мақсаттарға да беріледі. Яғни бұл девальвация мен инфляция деңгейін өсіруге әкеліп соғады. Қазір ұлттық экономиканы несиелендіруді қысқарту, жұмыс орындары мен халық табысының өсуін тежеп тұр. Жеңіл болып көрінетін интернеттегі несие берудің айлаамалдары да адамдарды "қаржылық құлдыққа" итермелеп отыр. Осыдан кейін «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң жобасын қабылдауға мәжбүрміз. 

Бүгін Мәжіліс қабырғасына келіп түскен заң жобасы бойынша, мына адамдар өзін банкрот деп жариялай алады:

Мысалы: мүлкі жоқ және 1600 айлық есеп көрсеткіші яғни 4,9 миллион теңге шегіде берешегі бар немесе одан да жоғары адамдар өзін банкротпын деп жариялай алады. Сонымен қатар борышкерге бес жыл бойы қарыз берілмейді. Үш жыл бойы елден шығуға болмайды. Егер борышкердің мүлікті жасырғаны, мәліметтерді бұрмалағаны, өзінің материалдық жағдайын жақсартқаны дәлелденсе, сот банкрот деп танымайды.

Айдос Сарым, Мәжіліс депутаты:

- Басты мәселе әлеуметтік тұрғыдан сол азаматтарға бірінші үміт беру, оларға заңды механизм беру. Банкпен есеп айырысатын. Осы айналымнан шығып кетудің бір жолы ғой. Банкроттықтан өткен адам, мысал үшін ,бес жыл ешқандай несие алуға қақысы болмауы керек шығар. Яғни қайтақайта «мен жаптым», «келесі бір соттан өтемін» деп қайта-қайта ала алмайтын. Банкроттық деген адамның өмірінде бәлкім бір рет, әрі кетсе, екі рет болатын жағдай шығар. Бірақ есесіне соңғы мүлкіңді тартып алуға болмайды.

Жығылғанға жұдырық, бөтен біреудің ЖСН нөмірін пайдалану арқылы онлайн ақша алу да еселеп көбейіпті. Соңғы бес жылда осындай кибер-алаяқтық кесірінен адамдар қарызға белшеден батып, прокуратурада 20 мың іс қозғалған.

Банкроттық туралы заң соңғы 10 жыл бойы талқыланып келеді. Бірақ билік бұл іске тек биыл кірісті. Борышкерді дәрменсіз деп таныса, банктер азаматты қомақты төлемдерден босатуы мүмкін. Бірақ бұл заң жобасын да әлі бір жыл күтуге тура келеді. Қаржы және бюджет комитеті құжатты 2023 жылға қарай әзірлеп бітпек.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.