2022 ҚР президентін сайлау
{metadescription}
Тергеу органдары Арыстанбек Мұхамедиұлын темір торға тоғытты
Тергеу органдары Арыстанбек Мұхамедиұлын темір торға тоғытты

Тергеу органдары Арыстанбек Мұхамедиұлын темір торға тоғытты

Арыстанбек Мұхамедиұлы абақтыға қамалғаны расталды. Сот санкцияны сенбі күні беріпті. Дегенмен Ұлттық музей директорына қатысты дау бірнеше апта бұрын басталған. Мұхамедиұлы «Алтын адамның» әлем мұражайларындағы шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге бөлінген қазынаның миллиондарын қалтаға бастыды деп айыпталып жатыр.

Бірақ өзі де, қарамағындағы қызметкерлері де бұл айыппен келіспейді. Енді тергеудің біткенін музей директоры темір торда отырып күтеді.

Мемлекеттің миллиондарын қолды қылды деп айыпталып жатқан Ұлттық музей басшылығының ісі антикорға жетті. Негізі, 16 мамырдан бастап уақытша еңбекке жарамсыз болып қалған Арыстанбек Мұхамедиұлы өткен бейсенбіде ғана ауруханадан шыққан екен. Тергеу органдары оны бірден темір торға тоғытты.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қамауға алу шаралары туралы ақпаратты әлеуметтік желідегі парақшасында таратумен шектелді. Антикордың мұндай шаралар жайлы көпке ақпарат беретін азаматтары демалыста жүр екен. Желідегі жазбаларында тергеу органы музейдің лауазымды тұлғалары «Алтын адамның әлем мұражайларындағы шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге бөлінген қаржының 146 миллион теңгесін қалтаға басқанын жазған. Бірақ сол лауазым иелерінің кім екенін құпия қалдырып, Ұлттық музейдің қазіргі директорының ғана атын атапты.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі:

- 2022 жылғы 28 мамырда соттың санкциясымен Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы таңдалды. Тергеу жалғасуда. Тергеу мүддесіндегі басқа ақпарат жария етуге жатпайды. Нұр-Cұлтан қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесін өткізу жөніндегі мемлекеттік сатып алу туралы шарт аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің лауазымды адамдарына және басқа да тұлғаларға бюджет қаражатын жымқыру белгілері бойынша 146 миллион теңге сомасында сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізеді.

Миллиондардың дауы ушыққанда Мұхамедиұлының өзі президенттен араша сұраған. Өзінің кінәсіздігін айтып ақталды. Басшысына оның бірнеше жыл қасында жүрген баспасөз хатшысы да шаң жуытпай отыр. Айдар Қырықбайұлының айтуынша, мұның бәріне Тұңғышбай Жаманқұловтың қатысы бар. Бес жыл бұрын актер түсірген «Феникс» фильміне бөлінген қыруар қаржының жымқырылғанын Мұхамедиұлы анықтап берген екен. Енді музейдегілер Жаманқұловтың жамандық жасап отырғанына сенімді.

Айдар Қырықбайұлы, ҚР Ұлттық музейі директорының баспасөз хатшысы:

- Тұңғышбай Жаманқұлов көңілі толмай, үшінші рет антикорға жазады. Ол хатта былай көрсетеді: бірінші мәселесі, карантин кезінде Үнді еліне барды дейді. Екіншісі: Үндістанға барған қаржыны жеді дейді. 146 миллионды көрсетеді. 146 миллион теңге тексеруші орган қосымша шығынын есептемеген. Көлік шығыны, салық, қызметкерлердің жалақысы деген сияқты, жаңағы ұтып алған компанияның. Одан кейінгі брокерлік қызмет, Бұл жерде көрініп тұр, тексеріс біржақты болғаны. Біржақты ғана қорытынды жасап шығарғаны.

 Актердің өзі жауап беруге асығып отырған жоқ. Тек "сең қозғалып, тергеудің басталғанына" ризашылығын жеткізді. Ал музей қызметкерлері тергеу органдарының берген қорытындысына өкпесі қара қазандай. Олар 23-мамырда қаржы министрлігіне өздерінің арыз-шағымын түсірген. Әлі хабар жоқ.

Арыстанбек Мұхамедиұлы қамауда болғанымен, әлі де музей директоры ретінде қызметінде. Әзірге мәдениет министрі жұмыстан шығармаған, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет те қызметіне қатысты шешімді нақты айтпапты. Қазір оның орынтағында орынбасары уақытша отыр. Ал Арыстанбек Мұхамедиұлы Ұлттық музейді үш жылдан бері басқарып келеді. Мұның алдында бес жыл мәдениет министрі болды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде