{metadescription}
Президент резиденциялары балалардың игілігіне берілетін болды
Президент резиденциялары балалардың игілігіне берілетін болды

Президент резиденциялары балалардың игілігіне берілетін болды

Әр облыстағы президент резиденциялары балалардың игілігіне берілетін болды. Мемлекет басшысы бес аймақтағы осындай нысаннан мектеп, не балабақша, сауықтыру лагерлерін ашуды бұйырды.

Осы уақытқа дейін резиденциялар облыс әкімдерінің қонақтарын қабылдап, сапарлап келген шенді-шекпенділердің демалатын жері болған. Енді зәулім ғимараттарда атқамінерлер емес, балалар асыр салып ойнайды.

Еліміздің бірқатар аймақтарында мемлекет басшысының резиденциялары бар. Барлығы қала сыртында, жұрт көзінен жырақта орналасқан. Мысалы, Ақтөбедегі президент резиденциясы Қарғалы өзенінің бойында. Мұнда кімнің кіріп, кімнің шығып жатқанын кез келген адам біле бермейді.

Ақтөбедегі күзеті күшті бұл мекенде облыс әкімі де тұрған. Қарамағындағылар аймақ басшысы Ерлы Тоғжановтың отбасы қазір ол жерді паналамайтынын айтады. Өңірдегі президент резиденциясын күтіп ұстауға, күзетші мен аспаздан бастап бірнеше жұмысшыға жалақы беруге, тіпті ыдыс-аяғы мен мүлкіне дейін қазынадан ақша бөлініп келді. Жылына қанша қаржы жұмысалғанын жергілікті шенеуніктер ашып айтпайды. Тек ешқашан қаңырап бос тұрмады деп отыр. Ақтөбеге келген лауазымды тұлғалар осында түнеп, қонақ болады екен.

Ержан Байтанаев, Ақтөбе облысы әкімінің аппарат басшысының орынбасары:

- Ол қонақтар үйі резиденция деп аталады. Келетін делегациялар сол жаққа тоқтайды. Сол себепті ол қаңырап бос тұрған жоқ. Оның өзін қарап күтетін мамандар бар. Ешқандай қарап тұрған жоқ.

Ақтөбедегі президент резиденциясынан балаларға арналған сауықтыру лагері ашылуы мүмкін.

Ал тараздық шенеуніктер бұл жайында әлі ойланып жатыр. Мұндағы мемлекет басшысының резиденциясы елдегі ең зәулімі болып саналады. Бірақ маңайына ешкімді жолатпайды. Біз де темір қоршаудың сыртынан әрі аса алмадық. Жергілікті әкімдік осы нысанды күтіп ұстауға жылына елу миллион теңге шамасында ақша жұмсалады деп отыр.

Еркін Үйсімбаев, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:

- Қазір зерделеу тобы құрылды, білім басқармасының негізінде. Сол зерделеу тобы барлық жағдайды көріп, нысанды көріп аралап, оны біз мүгедек балаларға береміз бе, санаторийге береміз бе, жазғы лагерге береміз бе, нақты шешім қабылдайтын болады.

Ақтауда да президент резиденциясын әкімдік әлі қай мақсатта қолданатынын шеше алмай жатыр. Бір анығы, тек балаларға арналған орын болады. Тұрғындар резиденцияның құр, бос тұрғанынан гөрі кәдеге жарағаны жөн дейді.

Бақытбай Әлімбаев, Маңғыстау облысының тұрғыны:

- Құр, бостанбос тұр ғо. Қай уақытта президент келіп, кетеді. Содан бос тұрады. Оны сонша адам қарауылдайды. Сонша адам қызмет істейді. Солардың бәріне ақша бөлінеді. Елдің, халық игілігіне жараса. Бәрі қамтылған саноторий жасаса екен. Денсаулық саласы басқа жермен салыстырғанда Қазақстанда өте төменде.

Атырау мен Қостанайдағы резиденциялар да балалардың игілігіне берілуі қажет. Президент берген тапсырма солай. Бірақ осы күнге дейін күшейтілген күзет қойылған биік қақпалардың қашан айқара ашылатыны белгісіз.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.