Түркиядағы зілзаладан зардап шеккендерге қазақстандықтар 90 мың доллар жинапты
90 мың доллар! Түркиядағы зілзаладан зардап шеккендерге қазақстандықтар осынша қаражат жинапты. Қолда барын жөнелтіп жатқат ел азаматтарына бүгін Түркияның Қазақстандағы елшісі алғысын айтты.
Автор: Елдос Есенбол
08.02.2023
Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та елшілік арнайы барып, гүл шоғын қойып көңіл айтты. "Түркиядағы зілзала баршамыздың қабырғамызды қайыстырды", - деді президент. Зілзала болған аймақтағы ауыр ахуалды оқиғаның ортасынан келген отандастырымыз өз аузымен баяндап берді.
Мемлекет басшысының бүгінгі жұмыс күні Қазақстандағы Түркия елшілігіне гүл шоғын қоюдан басталды. Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас ағайынға қазақ халқының және жеке өз атынан көңіл айтып, арнайы кітапшаға тілегін қалдырды.
- Қазақ халқы мен түрік халқы – бауырлас халық. Сондықтан да әрқашан бірге боламыз. Бұл қасіретті бірге, міндетті түрде еңсереміз.
Президенттен кейін елшілікке қала тұрғындары да келіп, түбі бір түркі ағайындарына демеу лебізін білдіріп жатыр. Дәл осы сәтте азаматтарымыз ұйқыдан тыныш оянудың қадірін жете түсініп жатқандай. Түркиядан аман-сау оралғандар отандастарымыз оны растайды.
Бүгін түнде қазақстандық құтқарушыларды апат аймағына жеткізген ұшақ бос қайтпай, 18 адамды алып келген. Оның 16-сы – Қазақстан, екеуі Қырғызстан азаматы. «Қонақ болған жақсы, бірақ үйде одан да жайлы» - дейді олар. Тіпті кейбірі зілзаладан бас сауғалағанда жарақаттанып, балдақпен оралса да, елге жеткен соі «жан олжа» деп отыр.
Түркиядағы зілзаланың бейнежазбасын көргеннің өзінде жүрегің аузыңа тығылады. Ал бұл азаматтар сол сілкіністің нағыз ошағы – Газиантеп қаласынан келген. «Қираған үйіндінің астынан күндегі танысыңның жансыз бейнесін көру оңай емес» - дейді сол жақта бес жылдан бері тұрып жатқан Айбөбек Нарбекқызы.
Айбөбек Нарбекқызы:
- Ғимараттар құлап кетті. Сол ғимараттың астында қалған әріптесімнің бүгін кешке өлі денесі табылды. Үш сөзбен айтып жеткізе аламын: түсінбейсің, не болып жатқанын, өзіңнің жақындарыңның өміріне деген қорқыныш, ауыр жағдайды еріксіз қабылдайсың.
Таң ата зілзала басталғанда не болғанын көпшілігі түсінбей қалған. Сырт киімін де тастап, бас сауғалай қашты. Ширек ғасырдан бері Түркия мен Қазақстан арасын жол қылып сауда-саттық жасаған Асадулла Арыстанов «мұндай апаттты алғаш рет бастан кешірдім» дейді.
Асадулла Арыстанов:
- Жұмыс бабымен барғанбыз. Аяқ астынан осындай жағдай ... 2025 жылдан бері барып келіп жүрміз. Бірінші рет осындай жағдайға тап болдық. Адамдардың қорқып, сыртқа жеңіл киініп шығып кеткенін өз көзіммен көрдім. Жұқа жейдесімен, аяғында қонақ үйде беретін жұқа тәпішке.
Қысылтаяң шақта қолдан келгенді жасаған, жат топырақта қалдырмаған елшілікке – алғыс дейді аман-сау оралғандар. Ал Қазақстандағы Түркия елшілігінің мәліметінше, бауырлас халық қолдан келгенше аман қалған азаматтарын қауіпсіз жерге көшіріп жатыр. Баспасыз қалғандарға 92 мың шатыр тігіліп, 120 мыңнан астам жатар орын әзірленген. Тілшілермен кездесуде осылай деген түрік елшісі Уфук Екижи мырза қазақ халқына алғысын жеткізді.
Уфук Екижи, Түркияның Қазақстандағы елшісі:
- ҚР президенті ҚасымЖомарт Тоқаев мырзаға және барлық қазақстандық мемлекеттік мекемелерге тілектестік білдіріп, қолдау көрсеткеніне көп рақмет! Біздің мемлекеттіміздің қолдау мұқтаждығын естіген сәттен бастап жәрдемін аямаған бауырлас қазақ халқына шексіз ризашылығымызды білдіреміз.
Түркиядағы ағайынға көмек қолын созам деушілердің арасында оқиға орнына барамын деген еріктілер де бар екен. Бірақ Түркия елшілігі арнайы дайындалған маман болмасаңыз, олай жасамаған дұрыс дейді.
Дегенмен қазақстандықтар үйде отырып-ақ қолда барын бауырлас халыққа жөнелтіп жатыр. Түркиядағы зілзаладан зардап шекккендерге деп ашылған арнайы есепшотқа ел азаматтарынан 90 мың доллар жиналыпты. Бұдан бөлек, жылы киім, төсек-орын секілді күнделікті тұрмысқа керек-жарақты да елшілікке апарып беріп жатқандар көп.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!