Екпе салдырмағандықтан, қызылша ауруы дендей бастады
Елімізде қызылша ауруы дендей бастады. Вирустық жұқпалы дерт жыл басынан бері 56 адамнан анықталған. Оның жиырмасы зертханада расталған. Науқастардың басым бөлігі 7 жасқа дейінгі балалар. Себебі халықтың екпе салдырмауында дейді денсаулық сақтау министрлігіндегілер.
Автор: Салтанат Шырынхан
14.03.2023
Денеде қызарған дақ боп көрініс табатын қызылша ауруы белең алып тұр. Вирус ауа арқылы сөйлескенде, жөтелгенде, түшкіргенде науқастың сілекейімен сыртқы ортаға тарайды. Дәл осы кесел жыл басынан бері жеті өңірде тіркелген: Астана, Алматы қалалары мен Түркістан, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе және Жетісу облыстарында. Ақ халаттылар бұл сырқатпен ауырғандардың көбі оған қарсы екпе алмағандар деп отыр.
Айжан Есмағамбетова, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, бас санитар:
- Биыл елімізде қызылшаның 56 күдікті жағдайы тіркелді. Оның ішінде 20 жағдайы зерттеумен расталған. 5 жағдай басқа диагнозға ауыстырылған. 20 жағдай қазір зертханада зерттеліп жатыр. Екпе егу болса, вакцинацияның тиімділігі жоғары, 95 пайыз құрайды.
Жуырда санитар дәрігерлер Атырау облысында наурыз айы басталғалы төрт адам қызылша жұқтырғанын айтқан. Алайда оның екеуі зертханада дәлелденбеді дейді ақ халаттылар. Жұқпалы дертпен ауруханада емделіп жатқандардың екеуі де жасөспірім.
Айкөркем Нұрғалиева, Атырау облысы санитария-эпидемиологияны бақылау департаментінің ресми өкілі:
- Аталған жағдайдың барлығы 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелген. Барлығы қызылшаға қарсы вакцина алмаған, яғни екпе алмаған. Атырау облысында соңғы рет қызылшаның көп жағдайы 2019 жылы 774 жағдай тіркелген болатын. Ал соңғы 2021, 2022 жылы қызылша ауруымен тіркелген жоқ.
Осылайша вирус көктем мезгілінде өршіп, балалар арасында тез тарайды. Кейде соңы қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін дейді мамандар. Өйткені дертті үлкендер ауыр өткереді. Егер алдын алмаса, ересек адамдарда отит, пневмония, энцефалитке шалдығу қаупі бар.
Нұрбибі Арқабаева, Алматы №28 емханасының инфекционист дәрігері:
- Ерсектер де қызылшамен ауырады. Егер иммунитеті төмен болса, иммуноглобулин төмен болса, тез жұқтырады. Мысалы, бір жасында, алты жасында қызылшаға екпе алады. Егер адам уақытына дейін екпе алмаған болса, егер оның иммунитеті әлсіз болса, сол адам тез қабылдайды. Оларда ұзағырақ болады. Сосын асқынып кетуі мүмкін.
Аурудың негізгі белгілері: әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, бас ауруы. Артынша мұрын бітеліп, 5-6 күнде теріде қызыл дақтар шыға бастайды. Ал сырқаттан сақтанудың ең тиімді әдісі – екпе. Екпе бір жасқа толғаннан кейін үш айдың ішінде және алты жасында тағы салынады. Дәрігерлер вакцина алмағандарға емханадан оны тегін салдыруға болатынын ескертеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!