Атбасар ауданында ауылдарға қатынайтын жалғыз жолды тасқын шайып кетті
Ақмола облысының Атбасар ауданында төрт ауылға қатынайтын жалғыз жолды тасқын шайып кетті. Сепе, Новомариновка, Сочинское, Есенгелді ауылдарының тұрғындары Қошқар өзенінен қазір қайықпен өтіп жүр. Бес жыл бұрын топан су талқандап кеткен көпірді қалпына келтіргенде, жыл сайын осындай бейнет көрмес едік, - дейді қиналған жұрт.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
04.04.2023
Құтқару қызметінің берген жалғыз қайығы қазір 3 жарым мың тұрғынға қызмет көрсетіп жүр. Оқушыларды ұлттық бірыңғай тестілеуге апару үшін де тасыған өзен суынан қайықпен өтуге мәжбүр. Бұл арғы бетте қалған төрт елдімекеннің жылда көктемде көретін бейнеті. Өйткені бұл жердегі көпірді 2017 жылы тасқын талқандап кеткен. Жайдақ жол болғандықтан, Қошқар өзені арнасынан тасығанда жолды шайып кете береді. Ал нысанды жөндеу үшін 519 миллион теңгеге жобалау құжаты да жасалыпты. Бірақ екі жыл бұрын құрылысы басталып, қаржы тапшылығынан тоқтап қалған.
Жұмабек Қайролла, Ақмола облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:
- 2021 жылы жаңа көпірдің құрылысы басталды. Тірек бағандары қойылып, монтаждау жұмысы істелді. 200 миллиондай ақша жұмсалды. Бірақ құрылыс материалдары, темір қымбаттап кетіп, жұмыс тоқтап қалды. Әлі 300 миллион теңге қаражат қажет. Республикалық, облыстық бюджеттен ақша бөлінетін болса, көпір келесі жылы ашылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!