Түркістан облысында қос күдікті қызды қалай өлтіргенін айтып берді
Түркістан облысында 9-шы сынып оқушысын пышақтап денесін суға тастаған қос күдікті қылмысты қалай жасағанын айтып берді.
Автор: Бек Әбиев
20.04.2023
Төрткүл ауылындағы мектептің 11-ші сынып оқушысы мен оның 19 жастағы сыбайласы марқұм Аружан Орынбайға ұқсас қыздың жартылай жалаңаш фотосын интернеттен тауып алған. Сол суретті бүкіл ауылға жаймас үшін Аружаннан ақша бопсаламақ болыпты. Бірақ екі арада жанжал шығып, олар 15 жасар оқушыны өз үйінің артында пышақтап тастаған. Ал денесін арыққа ағызып жіберген. Бүгін олар қылмысты қалай жасағанын айтып, тергеушілерге оқиға орнын көрсетті.
Марат Әбдірахманов, Түркістан облысы ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары:
- Күдіктілер өз кінәсін мойындап, қылмыс әрекетін қалай жасағанын оқиға орнында нақтылап көрсетті. Бүгінгі таңда екі жігіт қамауда. Оларға қатысты ҚР ҚК-нің 99-бабы, 2-бөлігімен «адам өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!