{metadescription}
Пәтер иелері кооперативтен шыға алмай сергелдеңге түскен
Пәтер иелері кооперативтен шыға алмай сергелдеңге түскен

Пәтер иелері кооперативтен шыға алмай сергелдеңге түскен

Мүлік иелері бірлестігін құруды қиындатып жіберген. 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін пәтер иелері кооперативтері жұмысын толық тоқтатуы керек. Бірақ кооперативтен шыға алмай сергелдеңге түскен пәтер иелерінің қатары көбейген.

Қоғам белсенділері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы жаңа реформаға тағы өзгеріс енгізіп, заңға бағынбайтын кооператив төрағаларын жауапқа тартуды ұсынды. Баспананы басқарудың жаңа әдісін өткен айда мемлекет басшысы да сынға алған еді.

Осы жылдың бірінші шілдесіне дейін пәтер иелері кооперативтерінің орнын мүлік иелері бірлестігі басуы тиіс. Бірақ ірі қалалар мен өңірлерде баспананы басқарудың жаңа әдісіне көшу қарқыны тым төмен. Көпқабатты үйдің кей тұрғыны мұндай жаңашылдықтан бейхабар болса, кей адамдар бірлестік былай тұрсын, жай серіктестік құра алмай сергелдеңге түскен. Мәселен, Алматыда тоз-тозы шыққан көпқабатты үйдің жұрты бірнеше жылдан бері пәтер иелері кооперативінен құтыла алмай жүр.

Баян Мұқашева, Алматы қаласының тұрғыны:

- Біз осы ПИК-нен құтыла алмай жатырмыз, шынын айтатын болсақ. Қанша жерден бас тартты. Біз қанша айттық. Айналайындар, кетіңдерші, қалдырыңдаршы біздің үйді деп. Біз өзіміз жөндейік, ақыры сендер жөндей алмайсыңдар. Жоқ, кетпейді. Біресе ПТ ашады, біресе ОСИ ашады. Біз тіпті сотқа бердік. Сотқа да бірнеше рет келген жоқ.

Тұрғындар кооперативтен ат құйрығын біржола кесісіп, кете салу оңай емес деп отыр. Себебі, олар басқаруды қарашаға бермеу үшін түрлі қитұрқылыққа барады екен. Халық сайлаған Серіктестік төрағасына үйдің құжатын бермей  созбалаңға салатыны тағы бар. Қоғам белсендісі Абылай Мұхаммедқалиев «бір үй – бір есепшот» қағидасына көшуді барынша жеңілдетіп, заңға бағынбайтын төрағаларды жазаға тарту керек дейді.

Абылай Мұхаммедқалиев, қоғам белсендісі:

- Заңды бұзатын мекеме ешқандай жауапкершілікке тартылмайды. Мемлекет маған заңды орында деп айтып, бірақ мені осындай келеңсіз жайттардан қорғап ала алмайды. Құжат бермей жүріп алған төраға жазаланбаса, жаңа реформа толығымен жүзеге аспайды. Бұл науқан онсыз да толығымен жүзеге аспай, президенттің сынына да іліккен еді.

Расымен де, өткен айда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мүлік иелерінің бірлестігін енгізу қате шешім болғанын айтқан болатын. Президент бұл реформаны көздеген межесіне жеткізуді жергілікті билік өкілдеріне тапсырған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Мүлік иелерінің бірлестігі институтын енгізуге бағытталған реформа соңына дейін жеткізілген жоқ. Мүлік иелерінің бірлестігімен қатар пәтер иелері кооперативі әлі жұмыс істеп тұр. МИБ енгізу реформасы кезінде қатты қателестік. Мұндай жағдайда адамдарды сапалы және ашық қызметпен қамтамасыз ету міндеті орындалмай отыр.

Президенттің сынынан кейін жұмыс тобы құрылып, мамандар 2020 жылы күшіне енген осы заң жобасының осал тұстарын талқыға салып жатыр.

Айта кетейік, жаңадан құрылатын бірлестіктер кооперативтер сияқты бірнеше емес, тек бір үйге қызмет көрсетеді. Төрағаны тұрғындар дауыс беру арқылы өздері сайлайды. Сондай-ақ, үй күтіміне жиналған ақшаның есебін жұрт біліп отырады. Осы заң үй иелерінің таңдау жасап, шешім қабылдауына мүмкіндік береді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.