{metadescription}
Қарағандыда жаппай уланған балалардың бірі қайтыс болды
Қарағандыда жаппай уланған балалардың бірі қайтыс болды

Қарағандыда жаппай уланған балалардың бірі қайтыс болды

Қарағандыда жаппай уланған балалардың бірі қайтыс болды. Тағы екеуі ауыр халде. Ақыл-есі кем балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы оқыс жағдай өткен жексенбіде болған. 12 баланың жағайды күрт нашарлап, ауруханаға жеткізіліпті. Іші өтіп, құсқан. Бірақ нақты неден уланғаны әлі белгісіз. Тек болжам ғана бар.

Шенеуніктер «астан ұшынбады» дегенімен, ата-аналардың айтары басқа. Улану дерегі бойынша Бас прокуратура іс қозғап, тексеру жүргізіп жатыр.

Ильза Омарова, марқұмның анасы:

- Кеше ғана, таңертең сағат тоғыз жарымда жұмыстағы күйеуімнің телефонына хабарласыпты. Ол вахтада болатын. Есінен тана жаздады. Маған хабарласып: «тек сабыр сақта, Адилька өліп қалды» деді. Қалай?! Кеше ғана сонда болдым. Сенбіде кездескенмін.

Ильза Омарова бауыр еті баласын жетектеп, өз аяғымен орталыққа апарғаны кеше. Енді етегі жасақ толып, табытын құшақтап қайтуға мәжбүр. Тамақтан ба, басқадан ба, іші ауырып құсып, бастапқыда 12 баланың екеуі ауруханаға жексенбі күні кешке жеткізілген. Араға бір тәулік салып тура осындай белгілермен тағы 10 бала ұшып түседі.

Қарағандыдағы балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығы әу бастан жағдайды жасырып қалғысы келді ме, әйтеуір бүлдіршіндердің бірі бақилық болғаннан кейін ғана жауапты министрліктен бастап, бас прокуратураға дейін бүгін ғана аяғынан тік тұрды.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы жағдай туралы денсаулық сақтау министрлігі кеше хабар алды. Хабар алғаннан бастап балалардың жағдайы бақылауға алынды. Жағдайдың нашарлап, 4 баланың жансақтау бөліміне түсуінің өзі бұл жағдайын асқынып кетуіне қарай, бұл жағдайдың басқа да улануға ұқсамайтыны белгілі болды. Облыстық ауруханада 14 бала емделіп жатыр. Алты бала қазір жансақтапу бөлімінде. Алты баланың екеуінің жағдайы өте ауыр.

Уланғандардың барлығы ер бала. Жасы 10-15 аралығында. Дәрігерлер екі күннен бері олардың өмірі үшін қанша жанталасқанымен, біреуі бүгін жан тәсілім етті. Марқұмның жасы 13-те. Ол орташа деңгейдегі ақыл-ой кемістігі диагнозымен ауырған екен. Қалған 11 баланың да беті әзірге бері қарамай тұр.

Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:

- Бұл жағдай бойынша, қайтыс болған балаға қала әкімшілігінен және басқармадан барып шықты. Көңіл айтты. Сондықтан сол жерде сұраған көмектері бар. Толық көмек көрсетіледі. Мәйітті тасу бойынша, одан кейін, бүгінде жазып жатыр, тұрмысына байланысты, жылу мәселесі бойынша сұрақтар көтерген. Көмектесеміз. Негізі отбасы жұмыс істейді. Анасы үйде, екі баласы бар.

Осы іс бойынша қылмыстық іс қозғалып, Бас прокуратура тарапынан жедел тергеу тобы құрылды. Тиісті сараптама тағайындалып, тергеу аясында осы орталыққа қатысы бар күзетшіден бастап, барлық жауапты тұлғалардан жауап алынады.

Орталық ақыл-есі кем, ерекше балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған жеткіншектерге арналған. Елімізде арнаулы медициналық-әлеуметтік қызмет көрсететін 84 мекеме бар. Сол бұрынғы сценарийге сай, болары болып, бояуы сіңгеннен кейін құзырлы орындар тура осындай мекемелердің бәрін тексеріп шықпақшы.

ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі:

- 31 шілдедегі балалардың тамақтан улану фактісі бойынша «Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ ҚР ҚК 304-бабының 2-бөлігі (ауыр зардаптарға әкеп соқтырған санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Түс ауа орталықтағы 160 баланың ішінде тағы екеуінің денсаулығына шағым бар екені анықталыпты. Олар да қазір дәрігерлердің бақылауында.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Дәрігерлер жұмыс істеп жатыр. Әртүрлі емханалардан медициналық қызметкерлердің тобы, барлық сол жердегі 160 баланы тексеріп жатыр. Басқа да бөлімдегі балалардың ішінен «ішім ауырады» басқа да шағымы бар балаларды медицина қызметкер ібақылауға алған. Шағым екі балада, екеуінің дене қызуы жоқ. «Ішім ауырды» деген екі баланы стационарға әкеліп қадағалауда.

Орталықтың сұмдығы мұнымен бітпейді. Ата-аналар мекеме қызметкерлері жұмысына салғырт қарайтынын айтып талай шағымдандық дейді. Тіпті балалардың аяқ-қолын матап, теледидардың алдына мәжбүрлеп отырғызып қойғанын өз көзімен көргендер де бар екен.

- Олар шайды дезинфекция ерітіндісімен шатастырып алған. Шөлдеген балалар ішіп алған. Сөйтіп бәрі ауруханаға түсті. Кіріп айқайласам, ешкім жауап қатпады. Аяғымды шешіп ішке кірдім. Қарасам, балалар арбасында қолы байлаулы, теледидар қарап отыр. Онда шын мәнінде ешкім балаларға қарамайды.

Балалардың жаппай улануына жол берген аталмыш орталықта бүгінде 202 балаға арнайы қызмет көрсетілуде. Тіркеуде тұрғандар бір жарымнан 18 жасқа дейінгі балалар. Орталықтың директоры міндетін уақытша атқарып отырған басшы мен 12 медицина қызметкері қазір лауазымынан шеттетіліпті.

Мекеменің жылдық бюджеті 1 жарым млрд. теңге шамасында. Мемлекеттік сатып алу сайтына зер салсақ, бөлінген қаражаттың басым бөлігі балаларды тамақпен қамтамасыз етуге бағытталып отырған. Ал шенеуніктер 14 баланың астан ұшынбағанына сенімді. Белгісіз бір заттан уланды деген күннің өзінде, ақыл-есі кем балалардың сол уақытта неліктен қараусыз қалғаны да басы ашық сұрақ.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде