{metadescription}
Өртенген мектептің терезесінен секірген жұмысшыларға әлі ота жасалмаған
Өртенген мектептің терезесінен секірген жұмысшыларға әлі ота жасалмаған

Өртенген мектептің терезесінен секірген жұмысшыларға әлі ота жасалмаған

Таразда күрделі жөндеуге жабылған мектептің бірінде өрт шығып, жеті жұмысшы жарақат алды. Бет қаратпас жалыннан жан сауғаламақ болған екеуі үшінші қабаттан секіріп кеткен. Оқыс оқиға болғалы бірнеше күн өтсе де, жансақтау бөлімінде жатқан бойжеткендерге ота жасалмапты.

«Тіпті облыс әкімінің Астанадан арнайы білікті дәрігер шақыртамыз дегені де өтірік болып шықты» дейді жәбірленушілердің жақындары. Білім ошағындағы апат пен науқастардың қазіргі жағдайын КТК тілшісі біліп келді.

Жарылыс үш күн бұрын қаладағы №44 мектептегі кабинетте болған. Құрылысшылардың сөзінше, еден сырлайтын бояу банкаларының бетін ашқан бетте, қызыл жалын лап ете қалады. Соның салдарынан 7жеті бірдей жұмысшы зардап шеккен. Ал қатты қорыққан 21 және 23 жастағы қыздар терезеден секіріп кетеді.

Үш айдан бері жөндеу жүріп жатқан мектептегі жарылыс түнгі сағат бір шамасында болған. Қызыл жалынның қатты болғаны сонша, физика кабинетіндегі есік-терезенің бәрін қиратыпты. Сол түні сыныпта болған 10 құрылысшының жетеуі ауруханаға түскен. Жеңіл жарақат алған үш жұмысшы үйіне қайтарылса, күйік шалған екеуі әлі емделіп жатыр. Ал үшінші қабаттан қарғып кеткен қос қыз жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы ауыр дейді дәрігерлер.

Сәкен Жұмашев, Тараз №1 ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

- Қабырғалары, омыртқасы, бір аяғы сынған. Қазір оны жылжытып Астанаға салып жіберуге болмайды. Сол жақтың мамандары осында келіп ота жасайды.

Жарақат алған жұмысшылардың жақындары оқыс жағдайға әкімдік пен мердігерді кінәлайды. Себебі жаңа оқу жылына дейін мектепті пайдалануға беру үшін құрылысшыларды түнгі жұмысқа жеккен деп отыр. Осындай асығыстық салдарынан қауіпсіздік ережесі ескерілмей, сау қыздарымызды сал қала жаздады дейді.

Сәлима Нарымбетова, жәбірленушінің анасы:

- Түнгі уақытта жұмыс істегені дұрыс емес қой. Жұмысты кешкі сағат 6да бітіру керек. Әкімдік айтқан шығар мердігерге. «Сен бітіруің керек, мынанша күнде» деп. Ол кісі енді ана қыздарға барып айтады ғой. Біз осыншама күнде бітіруіміз керек, төрт күнде.

«Бойжеткендердің болашағына балта шабылды» дегендер күні-бүгінге дейін дәрігерлердің қол қусырып отырғанына күйінеді. Сөздерінше, 20-дан енді асқан қыздардың жағдайын білмекке ауруханаға Жамбыл облысы әкімінің өзі барған. Алайда арада бірнеше күн өтсе де, Астанадан арнайы алдырамыз деген ақ халаттылар әлі келмепті.

Гүлжан Садықұлова, жәбірленушінің әпкесі:

- Әлі күнге дейін ешқандай көмек жоқ. Облыстық әкімдік келіп, «жақсылап көмектесеміз, аяқтан тұрғызамыз» деген. Әлі ешқандай көмек жоқ. Қыздардың жағдайы қалай болады, мүгедек болып қалуы мүмкін.

Ал, күйік шалған тағы екі жұмысшының жағдайы жақсарған. Тек қос қыздың денсаулығы отамен ғана реттеледі. Мектептегі түсірілімге шақыртусыз кіріп келген қала әкімі бар істі мердігер мойнына алатынын айтты.

Бақытжан Орынбеков, Тараз қаласының әкімі:

- Өрттің себебі қазір анықталуда. Оны қазір сараптама көрсетеді. Түнде жұмысқа кедергілер жоқ, шектеу жоқ. Бірақ бұл жерде жұмыстың қауіпсіздік мәселесі, өрт қауіпсіздігі мәселесі туындап отыр. Мердігер жауапкершіліктен қашып отырған жоқ. Зардап шеккен азаматтарға толық көмек көрсетуге дайын.

Қазір білім ошағындағы құрылыс қылмыстық істің қозғалуына байланысты тоқтап тұр. Жоспарға сай келесі айда ашылуы тиіс еді. Ал денсаулық басқармасы елордалық дәрігерлер дүйсенбіде келіп, науқастарға ота жасайтынын айтты. Оған дейін жансақтау бөлімінде жатқан жұмысшылар «шыбын жаным шықпа» деуге мәжбүр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

01 желтоқсан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.