Щучье қаласында жылу батареяларынан су емес, мазут ағып тұр
Жылу жүйесінен жанармай ағып жатыр. Ақмола облысының Щучье қаласында жылу батареяларынан су емес, мазут ағып тұр. Курортты аймақтың жұрты құбырда жиналған ауаны шығармақ болып бұрандаларын ашқанда қап-қара, ыстық қоймалжың атқылаған.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
06.12.2023
Мұны көрген тұрғындардың зәрелері ұшыпты. Құзырлы орындарға да, жауапты мекеме басшыларына да хабар бергенімен, көмекке келген тірі жан жоқ. Дәл осындай жағдай №8 мектепте де болды. Екі күннен бері оқушылар қашықтан оқып жатыр.
Қай пәтерге барсаң да, жылу батареясынан қоймалжың сұйықтық ағып тұр. Сасық иісі қолқаны жарады. Мұндайды бұрын-соңды көрмеген тұрғындар мұны мазут, яғни жағармай деп болжап отыр
Қалада бұл жағдай үш күн бұрын басталған. Щучьеліктер жылу батареясының бұрандасын ашып көрмек болғанда қап-қара қоймалжың сұйықтық жан-жаққа шашыраған. Тіпті қара май жұғып, үй жиһаздары бүлінген. Иісі керосин сияқты сұйықтық атқылағанын олар бір-бірінен естіп, жаппай жылу батареяларын тексерген. Бар бәле қаланы мазутпен жылытатын қазандықтан екенін сезген.
Галина Ковалева:
— Міне, қараңыздар, не деген сұмдық! Мынаны қайда төгуге болады? Қара май сияқты, құбырдың бәрін бітеп тастайды ғой. Жылу дұрыс болмаған соң, осылай бұранданы ашып ауа шығарамыз. Бірақ мұндайды көрмеппін. Коммуналдық қызметке де, әкімдерге айттық, керек емес оларға.
Дәл осындай жағдайды бес көпқабатты үйдің тұрғындары көріп отыр. Олар бұранданы ашпасақ, үйіміз салқындап кетеді дейді. Жағармай мектептің де жылу батареяларына жеткен. Екі күннен бері балалар қашықтан оқып жатыр.
Мазут мектептің де батареяларын бітеп тастап, ғимарат суып кеткен. Сондықтан оқушыларды үйіне жіберіп, жылу беретін кәсіпорын құбырды тазартуға көшкен. Әсіресе оның бейнетін еден жуушылар көріп жатыр.Олар тақтайға шашыраған қара майды жуып әлек. Жылу беретін компания бесінші қабатқа дейін жеткен мазутты жеңіл-желпі апатқа теңеп тұр.
Асхат Ілдебаев, «Жаңа тұрмыс» ЖШС директорының орынбасары:
— Бу беретін құбыр жарылып, жылу жүйесіндегі суға мазут қосылып кеткен. Әрине, сондай көп жағармай кеткен жоқ, жеңіл-желпі апат. Қазір мектептің құбырын жуып, тазартып жатырмыз. Ал үйлердегі жылу жүйесіндегі мазут су айдаған кезде өз бетімен кетуге тиіс. Одан келетін қауіп жоқ.
Тұрғындар қою сұйықтық қатып, жылу құбыры бітеліп қалады деп қауіптеніп отыр. Бірақ бұл жайтқа елең еткен әкім-қараларды таппадық. Арқаның алты ай қысы енді басталды. Курортты аймақ жұрты қазірден алаңдап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!