Кім жөндейді? Алматыда зілзаладан үйіне зақым келгені туралы 400 шағым түскен
Алматыда тұрғындардан жер сілкінісінен баспанасына зақым келгені туралы 400 шағым түскен. Қабырғасында пайда болған жарықшалар әлі сол күйі тұр. Ал кейбірінің үйі көгеріп кеткен. Өйткені зілзала кезінде құбыр жарылып, бөлмелеріне сіңіп қалған су әлі кеппеген. Табиғи апаттан баспанасы бүлінген бұқара әкімдіктен көмек сұрайды.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
19.03.2024
Бірақ шенділер әлеуметтік нысандарды ғана жөндейміз деп отыр. Ал көпқабатты үйлерді кім жөндейді деген сұрақ басы ашық күйінде.
Небәрі екі жарым айдың ішінде Алматы екі рет сілкінді. Зілзаладан ғимараттар қирап қалмаса да, айтарлықтай бүлінгені көп. Мәселен, мына баспана әлі дымқыл болып жатыр. Қабырғасы көгеріп кеткен. Жер сілкінісі кезінде мұнда құбыр жарылып, ыстық су 12 сағаттай жан-жаққа ағып жатыпты.
Татьяна Шелепова:
— Ыстық су қатты ақты. Көршілерімізбен жиналып, бір-бірімізге көмектестік. Шелекпен су тасыдық. Қазір бәрі көгеріп жатыр. Әкімдіктен келіп жөндеп бергенін қалаймыз. Өйткені құрылыс материалдары мен мамандарды іздеп жүруге біздің шамамыз жоқ. Мен зейнеткермін.
Зілзаладан үйлердің басым бөлігінде жарықтар пайда болған. Сырты да, іші де қақырап жатыр. Қорқынышпен өмір сүріп жүрген тұрғындар мемлекеттен не өтемақы төлеуін, не бюджет есебінен жөндеп беруін талап етуде.
Камила Саидова:
— Мұнда тұру өте қорқынышты. Кіреберісі құлайын деп тұр. Тағы бір сілкініс болса, қирап қалатыны анық. Бұл құласа, ешкім үйден шыға алмай қалады.
Тәртіп бойынша тұрғындар үйінің зақымданғанын дәлелдеп, әкімдікке өтініш түсіреді. Кейін арнайы құрылған комиссия сараптама жүргізеді. Шенеуніктер мамандардың қорытындысына сай әрекет етеміз деп отыр.
Нұрлан Боранбаев, Алматыны жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы:
— Әлеуметтік нысандарды қалыпқа келтіру және сейсмикалық күшейту жұмысы қаланың бюджеті есебінен жүзеге асырылады. Ал көп пәтерлі үйлердің әрлеу элементтерін қалпына келтіру кондоминиум есебінен жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда аудандық комиссияларға 400-ге жуық өтініш түскен. Оның қортындысына сай, зақымдар құрылыс тұтастығына қауіп төндірмейді.
Яғни мектеп, аурухана мен балабақша бүлінсе, мемлекет жөндейді. Ал көпқабатты үйдегілер пәтер иелері кооперативін жағалауға мәжбүр. Бірақ баспана қауіпті деп танылса, бюджет есебінен реттеледі.
Амантай Телқожа, ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тұрғын үй құрылысы басқармасының басшысы:
— Төтенше жағдайдан қираған тұрғын үй құрылысына Қазақстан резерві үкіметіннен және жергілікті атқарушы органдары резервінен қаражат бөлінген жағдайда, облыстың жергілікті атқарушы органдары растаушы құжаттары негізінде тұрғын үй апатты деп танылған, зардап шеккен азаматтардың тізімін ұсынады.
Осыған дейін мамандар қалада тұруға жарамсыз болатындай зақымданған нысанның жоқтығын мәлімдеген. Қорыта айтқанда, айтып келмейтін апаттан баспанасы бүлінген көппәтерлі үйлер мен жер үй тұрғындары өз жыртығын өзі жамайтын сияқты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!