Қарағандыда әйелін пышақтап өлтірген еркек абақтыға қамалды
Қарағандыда мас күйінде әйелін пышақтап өлтірген 51 жастағы азамат сот шешімімен тергеу абақтысына қамалды. Гүлмира Таймасованың денесі бүгін жер қойнына тапсырылды. Қанды қырғынды көзімен көрген кәмелетке толмаған екі бала нағашыларының қолында. Марқұмның туыстары "полицейлер де жазаға тартылсын" деп талап етуде.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
29.04.2024
Себебі отбасылық жанжалға шақыртумен келген тәртіп сақшылары әйел арыз жазса да, күдіктіні алып кетпеген. Артынша ер адам әйелін пышақтап өлтірді. Ал Қарағанды облысы полиция департаменті шақыртуға келген сақшыларға қатысты қызмет тексерісі жүргізіліп жатқанын айтады.
Қара жамылған 80 жастағы кейуана екі жиенін қарап қаралы үйде қалқайып қалды. 16 және 14 жастағы қыз бен ұл қанды қылмысты көзімен көрген. Үнемі отбасындағы жанжалда таяқ жейтін анасының осы жолы пышаққа ілінегені балаларға үлкен қасірет болды. Қансырап жатса да, балаларынан мұны ешкімге айтпауды сұраған екен.
Рысбала Өмірзақова марқұмның анасы:
— Әкелері шығып кеткен соң, балаларына "әжелеріңе айтпаңдар" депті. Содан есінен танған. Үнемі таяқ жейтін, бізге айтпайтын, жасырады екен. Кейін біліп, полиция шақыртып жүрдік. Бірақ олар келеді де кетеді. Сол қылмыстары үшін қамалған да емес.
Қылмыс болатын күні кешкілік жанжал шыққанда ұлы полиция шақырған. Сақшылар арызды қабылдап алып, кетіп қалыпты. Осыдан кейін күдікті қолына пышақ алған. Марқұмның туыстары өзі ісіне салғырт қараған полицейлер жауапқа тартылғанын талап етеді. Сондықтан адвокаттың көмегіне жүгінуге мәжбүр.
Ибрагим Садуақасов адвокат:
— 99-баптан бөлек, яғни қасақана адам өлтіру, 110-бап бойынша қылмыстық іс қозғауға мүмкін. Орысша айтқанда "истязание". Қылмыс жасалғанға дейін полиция келіп, арызды алып, бірақ ешқандай шара қолданбаған болса, онда полция қызметкерлері міндеттемелеріне салғырт қарау болып табылады.
Қарағанды облысы полиция департаменті аталған жағдай бойынша қызмет тексерісін бастады.
Нығмет Исмағұлов, Қарағанды облысы ПД бастығы:
— Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Тергеу жеке бақылауымда. Осы дерек бойынша полиция қызметкерлеріне, сондай ақ олардың басшыларына қызмет тергеуі тағайындалды. Қорытындысына қарай қатаң жауапқа тартылады.
52 жастағы марқұм күдіктімен он жыл бұрын заңды түрде ажырасқан. Кейін татуласып, бірге тұрып келген. Бірақ соңғы айда бұрынғы күйеуі жұмыстан шығып қалып, үйде жүрген көрінеді. Жанжал осыдан кейін жиілепті. Соңы өліммен аяқталды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!