Туризм саласында маман даярлауға — 4 миллиард теңге
Елімізде туризм саласындағы мамандарды даярлауға 4 миллиард теңге жұмсалмақ. Бұл туралы туризм және спорт министрлігінің өкілі мәлімдеді.
Автор: Мерей Қалиасқар
06.06.2024
Бюджеттен бөлінетін қаржының басым көпшілігі Түркістандағы Халықаралық туризм және меймандостық университетіне жұмсалады. Сондай-ақ ішкі туризмді дамыту мақсатында цифрландыру мен жарнамаға да біршама қаражат қарастырылған. Саяхат және туризмді дамыту жөніндегі Дүниежүзілік экономикалық форумның индексі бойынша Қазақстан туристік бағыттар тізімінде 66-дан 52-ші орынға көтерілген.
Мақсат — рейтингте үздік елу елдің қатарына кіру. Бұл ретте шетелдіктер тарапынан елімізге деген қызығушылықтың артқанын да атап өткен жөн. Мәселен, былтыр Қазақстанға өзге елдерден 9 жарым миллионнан аса турист келді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе көп. Ел ішінде саяхаттаған қазақстандықтардың да үлесі де едәуір артты. Нәтижесінде туризм саласынан бюджетке түсетін салық түсімдері былтыр 450 млрд теңгені құрапты.
Нұртас Кәріпбаев, ҚР Туризм және спорт министрлігінің комитет төрағасы:
— Былтырғы қорытынды бойынша туристік сала пандемиядан кейін толық қалпына келіп қана қоймай, туризмнің негізгі көрсеткіштері бойынша тарихта болмаған ең жоғары деңгейге жетті. Орналастыру орындары 229 миллиард теңгеден астам сомаға қызмет көрсетті, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен екі есе көп. Туризм саласы бойынша инвестициялық әлеуетті дамытуға да баса назар аударуда. Басым аумақтардың тізімі ТОП-20-ға дейін кеңейтілді. Осылайша барлық аймақта әлеуеті зор орындар анықталды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!