Қырғызстан: Селде жоғалғандардың денесі Өзбекстан аумағынан табылды
Қырғызстандағы сел кезінде жоғалған үш адамның денесі Өзбекстан аумағынан табылды. Су ағызып кеткен тағы бір қыздың мәйіті Ош қаласынан шыққан. Бұл туралы Қырғызстанның төтенше жағдайлар министрлігі мәлімдеді.
Автор: Ақтоты Жұмабек
15.07.2024
Бірнеше күннен бері Қырғызстанда толассыз жаңбыр жауып, арты алапат тасқынға ұласты. Ош қаласындағы бірнеше ауылды су шайып, бір отбасының төрт адамы із-түссіз жоғалып кеткен. 44 жастағы әйелмен бірге оның 19,10 және 7 жастағы үш баласы опат болды.
Ош қаласындағы базар аумағынан тағы бір адам суға ағып кеткен. Іздестіру-құтқару әлі де жалғасып жатыр. Оқиға орнында 46 құтқарушы жұмыс істеуде. 400-ден астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Селден зардап шеккен 30 адам дәрігер көмегіне жүгінген. Оның ішінде 17-не жергілікті жерде көмек көрсетілсе, тоғыз адам қалалық және төртеуі облыстық ауруханаға жатқызылған.
Жергілікті төтенше жағдайлар қызметінің өкілдерінің мәліметінше, 134 үйді су басып, 17 үйдің қоршауы қираған. Қазір Қырғызстан Республикасы ішкі істер және коммуникациялар министрлігінің арнайы техникасы селдің салдарын жойып, қалпына келтіріп жатыр. Қарасу ауданында 20 арнайы және 15 инженерлік техника жұмылдырылды.
Эделбек Маматкулов, Қырғызстан ТЖМ министрінің орынбасары:
— Ош облысы бойынша тазалау жұмыстарына адамдар тартылды. Оның ішінде ішкі істер министрліктің және жергілікті биліктің қызметкерлері жұмылдырылды. Көптеген техника жұмыс істеп жатыр. Жол, көпірлерді қалпына келтіріп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!