Алматы облысы: Байкентті қоңыз басып, дәрілеген сайын жағдай ушыққан
Алматы облысында үй-ішін қоңыз басқан ауыл тұрғындары жәндіктен қалай құтыларын білмей отыр. Жорыққа келген зиянкестер ішер асымыздың арасына дейін кіріп жатыр дейді жұрт. Бұған маңайға төгілетін құс фабрикасының қалдығы себеп болуы мүмкін. Тұрғындар зиянкесті өздігімен улап көрген. Бірақ дәрілеген сайын көбейіп, жағдай ушыға түсіпті.
Автор: Ақтоты Жұмабек
07.08.2024
Жыбырлаған жәндіктерден Байкент ауылындағы екі көшенің тұрғындары зардап шегіп отыр. Қаптаған қоңыздар олардың үйлерінің ішіне дейін кірген. Басқасын айтпағанда, ішіп отырған асымыздың арасынан да қоңыз шығып жатыр дейді жұрт. Тұрғындар күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан айырылған.
Тұрғындар бастапқыда қандала деп ойлапты. Себебі жәндіктер адамды шағып, үсті қышынған.
Қарлығаш Әділбекова:
— Самал көшесінде тұрамыз. Біздің жан айқайымыз мынадай, міне, бүрге, «клопы» дейді осындай қаптады. 4-5 күн болды. Осы жерде, үйдің қабырғасына қаптап, есік-терезеден кіріп жатыр. Міне, балаларымызды шағып жатыр!
Жұрт бұл жағдайға іргедегі құс фабрикасын кінәлайды. Яғни кәсіпорындағылар құстың өлекселері мен өзге де қалдықтарды ауылдан 100 метр жердегі шұңғырға барып төгеді екен. Зиянкестер сол жерден келді дейді халық.
Маржан Нұрзакова:
— Осы жерде тұрып жатырмыз, олар зиян келтіріп жатыр. Иісі үйдің бәрін басып кетті, жаңа шіркейлер, мысықтың, неше түрлі жәндіктер үйде қаптап кетті.Сондықтан қырып берсе. Жоқ қылса! Таңнан кешке дейін боқ төгеді. Кешке жақын тамақ іші алмаймыз, сондай сасық. Иісін құртып берсін.
Жұрт қоңыздар жорығы жайлы әкімдікке бірден хабар берген. Алайда шенділер көмекке асықпағанын айтады. Сондықтан жәндікті өз бетінше улапты. Бірақ артық қыламын деп, тыртық қылып алған. Себебі дәрілеген сайын азаюдың орнына, көбейіп кеткен. Әкімдік өкілдері тек бүгін ғана көмекке келді.
Гүлжан Сақыпова, Байкент ауыл округі әкімінің орынбасары:
— 30 шілдеде «Алель Агро» полисінде өрт болған. Сол өрттен кейін осындай пайда болыпты. Содан кейін шұғыл іс-әрекетке көштік. Сәрсенбі күні құзырлы органдарға хат жібердік. Осындай зиянкестерге қарсы күресетін жекеменшік мекемелермен сөйлесіп, әкімдік өз тарпынан дезинфекция жүргізіп жатырмыз.
Десе де ауылдағы жайлаған қоңыздар әлі де бар. Әкімдіктер олар түбегейлі жойылмайынша, «залалсыздандыруды тоқтатпаймыз» деп отыр. Қазір ауылды жайлаған қоңыздар сараптамаға жіберілген. Олардың қаншалықты қауіпті екені ертең белгілі болмақ. Ал жұрт кінәлаған құс фабрикасының басшылығымен хабарласу мүмкін болмады. Тұрғындар қоңыз қайта жайламас үшін кәсіпорын қалдықтарын ауыл іргесіне төгуді тоқтатуын талап етеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!