Жаңа дерек: Ел-жұртқа алғысын айтқан Перизат Қайрат 22 миллионды да өзіне жұмсаған
Мүгедек балалардың ата-анасынан ақша алуға арланбаған. Перизат Қайрат туралы Қаржы мониторингі агенттігі тағы бір дерек жариялады. Қайырымдылық шарасында көзіне жас алып, ақша салған ел-жұртқа алғысын білдірген қыз, сол 22 млн теңгені жеке басына жұмсаған көрінеді.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
21.02.2025
Перизат Қайрат көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмекке жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікпен ұсталғаны мәлім. Ол бұл жолы өзінің арам ісіне мүгедек балаларды араластырған.
Ол Ақмола облысында «Батыр»қоғамдық бірлестігіне оңалту орталығын салу үшін қаражат жинау мақсатында қайырымдылық аукционын өткізген. Жұрттың сеніміне кіру үшін оңалту орталығына мұқтаж мүгедек балалар мен олардың ата-анасын қатыстырыпты.Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, күдікті Перизат Қайрат таратқан жалған дерек бойынша, қайырымдылық шарасынан 48 млн теңге жиналып, құны 100 миллион теңге ғимарат сыйға тартылған. Алайда аукцион кезінде шын мәнінде 22 млн теңге түсіп, бұл қаражатты ол өзінің жеке қажетіне жаратқан.
Перизат Қайрат "Батыр" қоғамдық бірлестігіне құны 30 млн теңге жер телімін де сатып алғанын мәлімдеген. Алайда бұл учаскені 2019 жылы бірлестік өзі сатып алыпты. Ақыр аяғы, ерекше балаларға арналған бейімдеу орталығы да, жұрттан жиналған қаржы да жоқ.
Ернар Тайжан, ҚР ҚМА ресми өкілі:
— Қаржы мониторингі агенттігінің хабарламасына сәйкес, Перизат Қайратқа қатысты қылмыстық құқық бұзушылық бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Нәтижесінде оңалту орталығының құрылысы басталмаған, ал сыйға берілді деп көрсетілген нысан шын мәнінде жоқ болып шықты. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Басқа ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары