«Улы газ». Маңғыстау облысында ерлі-зайыпты бес баласымен ажал құшты
Маңғыстау облысында бір отбасы ажал құшты. Ерлі-зайыптылар бес баласымен газға тұншығып қалған. Қайғылы оқиға Мұнайлы ауданындағы Басқұдық ауылында болды. Марқұмдардың уланып өлгенін түс уақытында үйіне келген көршілері көріп құтқарушыларды шақыртқан. Бірақ ол кезде бәрі кеш болды. Жылыту пешінің мұржасына қатқан мұздан улы газ сыртқа шықпай, үйдің ішіне жайылған деген болжам бар.
Автор: Ислам Қабылұлы
03.03.2025
Қайғылы оқиға Басқұдық ауылындағы мына үйде болған. Тұтас бір отбасының мүшесі газдан уланды. Туыстарының айтуынша, оқыс жағдай жылыту пешінің мұржасына қатқан мұздан болған. Улы газдың үйдің ішіне жайылып, жеті адам тіл тартпай кетті.
Көршілерінің шақыртуымен оқиға орнына жеткен құтқарушылар мен жедел жәрдем қызметкерлері үйден жеті адамның газға уланып ісініп кеткен мәйітін тапқан. Оның бесеуі – кәмелетке толмаған бала.
Қайрат Өтемісов, Маңғыстау облысы ПД бастығының орынбасары:
— Өлімнің себебін анықтау мақсатында қайтыс болған тұрғындарға қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қорытындысы айда дайын болады. Оған дейін тергеу жүргізіледі. Полиция департаменті бастығының тапсыруы бойынша қазір тергеу тобы құрылды. Істі сол тергеу тобы тергейді.
Марқұмдардың туыстары улы газ шатырдың саңылауынан үйге тараған дейді. Осы сәтте ұйықтап жатқан бес баланың бірі оянып үлкендерге хабарлағысы келген. Алайда есігі ішінен кілттеулі ата-анасының бөлмесіне кіре алмапты. Жалма-жан үйдің терезесін ашуға жүгірген кішкентай бала пердеге асылған күйі ажал құшыпты. Осы оқыс жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылып, тексеріс жүріп жатыр.
Ербол Ізбергенов, Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары:
— Қайтыс болған отбасының туыстарына жан-жақты көмек беріледі. Соның ішінде жерлеу рәсімін ұйымдастыруға көмек көрсетіледі және оқиға Маңғыстау облысы әкімінің жеке бақылауында.
Тиісті мамандар тұрғын үйлердің жылыту пешін тексермейді дейді марқұмның туыстары. Ал аудан әкімдігі жеті адамның өмірін жалмаған ескі пешті жаңасына ауыстырып беріпті. Бірақ бұл үйдің түтінін түтетін енді тірі жан қалмады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары