Ескерту: Бірқатар өңірде жолдар жабылып, қозғалыс шектелді
Бірқатар өңірде күн райы құбылып, дауылға ескерту жарияланды. Боранға байланысты кейбір жол жабылып, қозғалыс шектелген. Жамбыл облысында қалың бұрқасында жолда қалған жиырмадан астам адам құтқарылды. Қауіпсіз жерге көшірілген жолаушылармен КТК тілшісі кездесіп қайтты.
Автор: Сәбит Әлдебай, Жаңалық Ақаш
04.03.2025
Жамбыл облысы Жуалы ауданында қалың қар жауып, түнде боранға ұласқан. Тау бөктеріндегі кейбір ауылға баратын жол жабылып, қозғалыс шектелді. Төтенше жағдайлар қызметі күре жол бойындағы Күреңбел ауылына жете алмай қалған 21 жолаушыны жылыту пунктіне жеткізді. Олардың үшеуі — бала.
Сәулембек Көмекбаев:
— Ауылдың екі ортасында алты машина қалып, Жуалы ауданының 7 өрт сөндіру бөлімі келіп, бізге көмек қолын созып, бәрімізді ауылға аман-есен алып келді. Оның ішінде бала-шаға да бар еді. Көп рахмет, жігіттерге!
Құтқарушылар арнайы техникамен көлік жүре алмайтын жолдарды шолып шыққан. Осылайша Ертай ауылы маңында қар құрсауында қалған бес көлік анықталыпты.
Кеңесбек Әбдірайымов, Жуалы ауданы ТЖБ бастығы:
— Ертай ауылының тұсында қарлы боранда жолаушылар қалып қойғаны туралы хабар түсті. Оқиға орнына Жуалы өрт сөндіру бөлімінен техникасы мен Көлтоған ауылы өрт бекетінен АЦ-5 автокөлігі жіберілді.
Ақтөбе облысында қарда жүретін техника тізгіндеген жолаушы жолда қалып, құтқарушыларды көмекке шақырған. Қалың бұрқасынға қарамай жолға шыққан азамат Жүргенов ауылының маңынан табылды. Ол техникасы бұзылып қар астында қалып кете жаздағанын айтады. Қарда жүретін көлікті арнайы техникаға тиеген құтқарушылар жолаушыны жақын маңдағы ауылға жеткізген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары