«46 кеншінің өлімі». Костенко шахтасының басшылары қауіпсіздік сақтауға құлық танытпаған
Костенко шахтасындағы апатқа дейін кеніште үнемі өрт тұтанып тұрған. Оны кеншілердің өзі сөндіруі қалыпты дүнеге айналған. Осының бәрін білетін шахта директоры жер астын көмір шаңы мен метаннан тазартуды мүлдем қолға алмаған. Бүгін Қарағандыда 46 кеншінің өмірін жалмаған жарылысқа қатысты басты сот процесінде осындай тың ақпараттар айтылды.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
13.03.2025
Тергеу мәліметінше, Костенко шахтасының директоры қарапайым қауіпсіздік ережелерін естен шығарған. Жер қыртыстарынан бөлінетін метан газы мен көмір шаңы әр жерден бір тұтанады екен. Оны кеншілер өз күшімен сөндіріп жүрген. Сонымен қатар шахта астындағы жұмысқа жарамайтын құрылғыларды сатып алып, оны білікті мамандар емес, кеншілердің өзі орнатқан. Сөйтіп әр тиынды үнемдеп келіпті. Ал көмір өндіру көлемі жоспардан асып кеткен.
Бүгінгі сотта прокурорлар осындай ұзын-сонар заңбұзушылықты тізіп шықты.
Еске салсақ, 2023 жылдың 28 қазанында Костенко атындағы шахтада апат болды. Алдымен конвейерден шыққан ұшқыннан көмір шаңы тұтанып, оған метан газы араласып алапат жарылыс болды. Жарылыс күші алты шықырымға жайылған. Сол кезде шахтада болған 252 кеншінің 46-сы көз жұмды.
Әділ Садықов, мемлекеттік айыптаушы:
— Арты ауыр апатқа әкелетін жағдайдың барын, кеншілердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндергенін білсе де, жоспарды орындау үшін №48 лавада жұмыс бір сәтке де тоқтатылмаған. Ол жерде өрт ара-тұра тіркеліп тұрған. Шахта директоры мен оған бағынышты басшылар қауіпсіздік шараларын сақтауға құлық танытпаған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары