Есіл ернеуінен асып, ауыл маңындағы дамбы екі жерден жарылған
Солтүстік Қазақстан облысындағы қызыл судың ортасында қалған Тепличное ауылын тасқыннан үш тәуліктен бері қорғап жатыр. Тасқын қаупі енді Большая Малышка ауылына төнді. Есіл өзені ернеуінен асып, ауыл маңындағы дамбы екі жерден жарылған. Бүкіл күш сол жерді жамауға жұмылдырылған.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
28.04.2025
Даурен Рамазанов, Прибрежный ауыл округінің әкімі:
— Тепличное ауылы маңында су деңгейі таңертеңнен бері төмендеп келеді. Тұрғындардың арасында жалғызбасты, егде тартқан және көпбалалы отбасыларды көшіруге көмектестік. Олар Бескөл аулындағы мектеп пен қаладағы жатақханаға орналастаралды.
Тепличное ауылында адам аз қалды. Көбі екі үш күннен бері уақытша баспанаға көшіп кеткен. Ауыл айналасында екі мыңнан аса адам топырақтан бөгет көтеріп жатыр. Дамбының су астындағы бөлігін тексеру үшін сүңгуірлер де түсіп жүр. Дегенмен ауыл маңына келген су кешелі бері бес сантиметрге төмендепті.
Қызыл су енді ауылдан 40 шықырым қашықтықта орналасқан Қызылжар ауданындағы Большая Малышка ауылының маңына жинала бастады. Аталған елді мекенде 254 түтін мен 660- тан астам тұрғын бар. Қазір олардың 148-і эвакуация орталығы мен туыстарының үйіне жеткізілді. Арасында 24 бала бар. Жергілікті билік пен полицейлер ауылды аралап, тұрғындарды баспанасынан кетуге үгіттеп жүр.
Евгений Журавлев, СҚО ТЖД ресми өкілі:
— Большая Малышка аулының маңындағы қорған бөгетті су бұзып кетті. Қазір барлық күш сол жерді бекітуге кірісті. Су жарған жерді емес, жамалып үлгерген жерден бастап қайта бөгет көтеріп жатырмыз. Ауыл тұрғындарын уақытша пункттерге көшуін ұсынып жатымыз. Сонымен қатар ауылдан 80-нен астам ірі қара басқа жерге айдалды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары