Рекорд: Артық Досалиев 120 тонна вагонды 22 метрге дейін сүйреді
Шымкентте вагон сүйреуден әлем рекорды жаңғыртылды. 52 жастағы спортшы Артық Досалиев 120 тонна болатын 5 вагонды шамамен 22 метр жерге сүйреп, Гиннестің рекордтар кітабына кірді.
Автор: Бек Әбиев
05.05.2025
Бұл шараны Жеңістің 80 жылдығына арнаған спортшы 120 тоннаны қозғалтуға бір жыл дайындалған. Негізгі меже 20 метрге сүйреу болған екен. Аллайда 52 жастағы қара күш иесі небәрі 2 минут 57 секундта бес вагонды 21 метр 40 сантиметр тартты. Гиннесс рекордтар кітабы Халықаралық ұйымның ресми өкілдері Артық Досалиевке шара соңында арнайы сертификат табыстады.
Елуді еңсерген қара күш иесі «мұнымен тоқтамаймын» деп отыр. Пауэрлифтингтен 5 дүркін әлем, 8 дүркін Азия чемпионы вагон сүйреуден осыған дейін де үш мәрте рекорд орнатқан.
Артық Досалиев, рекордшы:
— Келесі жылы да Жеңіс күні қарсаңында 6,7,10 ,20 вагонға дейін сүйреуге ниеттеніп отырмын. Алдымызда тағы жүк таситын» Боинг» сүйрейміз. Ақтауға барып танкер сүйрейміз, Құдай қаласа, қолдаса. Жастарға үлгі болайын деп, мотивация берейін деп... мына жастарымызға айтарым: жасқа қарамай, 60-70 жасқа дейін спортпен айналысуға болады, ешқандай шектеу жоқ екен, спортпен айналысыңыздар, мықты болыңыздар!
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары