Жеңістің 80 жылдығы: Әскери шеру бір жарым сағатқа созылды
Осыдан 80 жыл бұрын Жеңіс күнін жақындатып, қыршынынан қиылған ата-бабамыздың ерлігі бүгін Астанада арнайы парадта ұлықталды. 4 мыңға жуық сарбаз бен сардар қатысқан әскери шеру бас-аяғы бір жарым сағатқа созылды. Мәртебелі меймандар қатарында Вьетнам басшысы мен даңқты батырларымыздың тікелей ұрпағы қатысқан парадты әлемнің түкпір-түкіпірінен тікелей эфирде тамашалауға мүмкіндік туды.
Автор: Айжан Шамшидин
07.05.2025
Сайдың тасындай қатар тізілген сардарлар мен сарбаздар «Қазақ елі» алаңына таң бозарып атқаннан бастап жиналған. Мүлтіксіз тәртіп, біркелкі сап парадтың тұтас жақсы өтіп, көптің рухын көтеруіне сеп болары анық.
Мұндай әскери шерудің соңғы рет осыдан 8 жыл бұрын өткенін ескерсек, жиналған жұрт та, ат салысқан жауынгерлердің де бұл атмосфераны сағынғаны көрініп-ақ тұр. Парадты бастаған Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов шеруге қатысқан әрбір әскери топпен бекітілген тәртіп бойынша амандасып, тас-түйін дайындығын тексеріп шықты.
Сөз алған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіс - қазақ тарихында ойып тұрып орын алатынын еске салды. Отан қорғау жолында жазықсыз опат болған боздақтарымызға тағзым етілді. Президент жаһандық саясатқа агрессия мен қатыгездіктің жегі құрты дендеп енген кезеңде соғыс қасіретін еліміздің барша азаматына түсіндіру аса маңызды деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
— Ұлы Жеңістің мән-мағынасын қасақана бұрмалауға жол беруге болмайды. Қазіргі құбылмалы заманда Қазақстан үшін ең басты мақсат — ұлт мүддесін қорғау. Сыртқы саясатымыз осы мақсатты қамтамасыз ету үшін жүргізіліп жатыр. Қазақ халқы бейбіт халық. «Жаным — арымның садағасы» деген өр намысты, айбарлы ел.
Парадта брондалған машиналар, түрлі гаубицалар, реактивті қарулар, дәлдігі жоғары зымыран кешендері жүріп өтіп, көпшілікке әуе шабуылына қарсы қорғаныс қару-жарағы таныстырылды.
Жеңістің 80 жылдығына арнайы ұйымдастырылған әскери шеруге 200-ден астам қару-жарақ пен әскери техника көрсетілді. Қорғаныс министрлігі шеру үш бөлімнен тұратынын бұған дейін хабарлаған болатын. Алаңнан алғашқы болып соғыс жылдарындағы техника тізбегі жүріп өтті. Парадты тұтас қазақстандықтар мен қала тұрғындары теледидарларынан тікелей эфирде тамашалады. Астанада қалада қыдырып жүрген елордалықтарға үлкен үш лэд экран орнатылды. Аспанымыз ашық, ел-жұрт аман болсын. Соғыс болмасын. Әскери парадтан әсер алып жатырмыз. Балаларымызбен келіп көріп жатырмыз. Ертеңгі Отанның қорғаушылары осылар екенін түсінсін, ұғынсын деген саналарына кішкентайынан құяйық деп осы парадты көруге келдік. Ал үйінде отырып терезесінен бейбіт күнде әуе мен жерде қозғалған техникаға қызығушылық танытқандарға қауіпсіздік мақсатында осындай дрондармен дыбыстық ескертпелер берілді.
Қазақ армиясының айбынды әлеуетін паш еткен парадты тәуелсіз Қазақстанның атынан ғарышқа ұшқан үш даңқты ғарышкеріміз да тамашалады. Қаһарман батырдың тұяқтары Иван Панфиловтың немересі Алуа Байқадамова мен Сағадат Нұрмағамбетовтің қызы Айсұлу Нұрмағамбетова да осы қатарда. Парадты әуе шеруі аяқтады. Онда күштік құрылымдардың ұшқыштары әртүрлі кластағы ұшақтарда ұшып, еліміздің туын әуеде бейнеледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары