{metadescription}
Алматыда үлескерлер екі жыл бойы тентіреп жүр
Алматыда үлескерлер екі жыл бойы тентіреп жүр

Алматыда үлескерлер екі жыл бойы тентіреп жүр

Алматыда бар дүниесін сатып, жаңа үйдің құрылысына құйған үлескерлер екі жылдан бері тиісті баспанасының кілтін ала алмай жүр. Ал сағызша созылған құрылыстың бітер түрі жоқ. Сондықтан қолында миллиондардың келісімі ғана бар жұрт пәтер жалдауға немесе туған-туыстың үйін жағалауға мәжбүр. 

Тұрғындар мен құрылыс компаниясы арасында дауға айналған көпқабатты үй. Келісімшарт бойынша екі жыл бұрын аяқталуы тиіс болған. Үлескерлер де ақшасын толықтай төлеп қойыпты. Ал компания өкілдері ай соңына дейін кілтті береміз деп, кезекті уәдені үйіп-төкті. 

Баян Мұқатаева осы "М-Парк" тұрғын үй кешенінен бір бөлмелі пәтер алмақ болып, 18 миллион төлеген үлескердің бірі. Баспананың бағаланған құнының 100 пайызға төлесе де, көпбалалы ана жалдамалы пәтер жағалап жүр.

Баян Мұқатаева, үлескер:

— Кілтті әне береміз, міне береміз деп, ай сайын келеміз, тек айтатыны құр сөз. Жұмыс әлі бітпеген, кран тұр әлі. 100 пайыз бітті дейді. Су қосу ғана қалды деп айтады. Бірақ ішіне кірсең, әлі бітпеген. Пәтер жалдап тұрамыз. Күтіп жүрміз, ай сайын ешкім онымен шаруасы жоқ. 

Бұл кешеннен баспана алмақшы болғандардың қарасы көп. 200-ге жуық отбасы қоныстойды 2023 жылы тойлауы керек болған. Оның орнына енді құрылыс компаниясының бас кеңсесін торуылдап жүр. Сапасы да көптің көңілінен шықпаған. Конфорт санаты деп алған үйлерінде комфорттың иісі де жоқ деп ашулы.

Азамат Хамраев, үлескер:

— 100 пайыз төлеп, 2023 жылдың қаңтарында алғам. Негізінде комфорт класс болу Керек, бірақ кіріп қарасаңыз, экономға да тартпайтын сияқты. Өз көзіммен айта алам, мамырдың соңына дейін бітіре алмайды. Оған 100 пайыз кепіл.

Қазір 16 қабатты зәулім үйдің әзірге екеуі ғана бітуге жақын. Ал қатарлас тұрған бір үйдің тек сыртқы құрылысы ғана аяқталыпты. Құрылыс компаниясының айтуынша, жоба құжаттарында мәселе туындаған. Дегенмен осы айдың соңына дейін аяқтап береміз деп уәде берді.

Данияр Жексембинов, құрылыс компаниясының өкілі:

— Біз өз жұмысымызды жасап жатырмыз. Қазір 95 пайызы бітіп тұр. Құрылыс жобасы бойынша аздаған мәселе туындағандықтан, сәл кешіктірдік. Бізде кепіл хаты да бар, осы айдың соңына дейін аяқтап береміз.

Ал құрылыс компаниясы мен әкімдіктің арасында сабылған жұрт енді мәселеміз шешілмесе. сотқа шағымданамыз деп отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде