{metadescription}
Оқу орталығына алданған астаналықтар ақшасын қайтара алмай жүр
Оқу орталығына алданған астаналықтар ақшасын қайтара алмай жүр

Оқу орталығына алданған астаналықтар ақшасын қайтара алмай жүр

«Балаңыз ағылшынша сөйлеп шығады» деген жылтыр жарнамаға сенген астаналықтар алданғанын кеш түсініп, енді ақшасын қайтара алмай жүр. Миллиондарды санап алғаннан соң, «Ғасыр» оқу орталығының кеңсесі де жабылады, басшылығы да телефонға жауап беруді қойды дейді ашулы ата-аналар. Енді 200 адам ортақ чат ашып, ашу-ызасын сол жерде білдіруден арыға аса алмай отыр. 

Баласын Гарвардта оқытамын деген бұл ата-аналарың арманы келмеске кеткені қашан?! Екі айдан бері «Ғасыр» орталығының терезесінен сығалап, есігін торуылдап жүр. Қалтаның жұқалығы, оқу орталығының алыстығына қарамастан, астаналық 200-ден астам оқушының әке-шешесі ғаламтордағы блогерлердің жарнамасына нанып, бар тапқан-таянғанын орталық әкімшісіне санап берген. 

Айнагүл Нұрмағамбетова:

Қараша айының аяғында осы орталыққа келдік, Инстаграм арқылы. Блогерлердің жарнамасы күшті болды. Бірінші баламызға 1,800 мың деді, жеңілдік берді. Одан да қымбат екен. Бірақ дәл қазір төлейтін болсаңыз, банк арқылы бөліп төлеңіз деді. Сосын екінші ұлым оныншы сыныпта оқып жатыр. Оған 1,600 мың жеңілдік береміз деді. 

Мұндағылар жарнамаға сенген қарашаны одан әрі қызықтыру үшін оқу ақысын бөліп төлеу мүмкіндігін де ұсынған. Ал бір үйден екі бала келсе, тіпті 2 миллиондық оқу ақысы 700-800 мың теңгеге бір-ақ қысқарыпты. Бір шикіліктің барын ата-аналар мұғалімдердің жиі ауысқанынан барып сезеді.

Мұғайда Ахметғали:

Қаңтарда оқу басталды. Бір-екі айдан кейін бе, наурызда сондай сыбыс шыға бастады, «мұғалімдер сабаққа шықпай жатыр», «ауысып жатыр», «жалақы төлемей жатыр» деген. Жақында чатта видео жібергенде, ата-аналар Алматыда филиал жабылып қалды деді.

«Балаңыз ағылшын тілін шемішкедей шағып, деңгейін TOEFL мен IELTS-ке жеткіземіз» деген уәдеге әбден тойған ата-аналар түгел полицияға шағым жазды.

Ержан Құрақбаев, Астана қаласы, Есіл ауданы ПБ бастығының орынбасары:

Азаматтардың ұжыммен жазған өтініші негізінде ҚР ҚК 190-бабы, «Алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеуде оқу орталығына білім алу үшін төлем жасаған ата-аналар уәде етілген оқу қызметін алмағаны анықталды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Қазір оқу орталығының есігі тарс жабық. Есігі мөрленген. Ал шамамен үш-төрт күн бұрын «Ғасыр» орталығының әкімшілігі барлық асай-мүсейн алып көшіп кетіпті. Ал ата-аналар төменгі қабаттан кері қайтуына мәжбүр.

Орталықтың сайтында көрсеткен нөмірмен байланысу қазір мүмкін емес. Ал алданған ата-анаға құзырлылардан бір жауап болмағанша, алған несиесін кешіктірмей төлеуден басқа амал жоқ.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде