«30 мың». Қарызын сұрағаны үшін тепкінің астында қалған отағасы ауыр халде жатыр
30 мың теңге үшін оңбай таяқ жеді. Атырауда қарызын сұрап барған азаматты танысы бала-шағасының көзінше тепкілеп тастаған. Ауыр соққы алған науқас ес-түссіз жансақтау бөлімінде жатыр. Ал полиция күдіктіні қамауға да алмаған.
Автор: Жанат Молдашова
20.06.2025
Атырау облысы ауруханасының алдында шарасыз күйде тұрған Анаргүл Муғзарова жолдасы Руслан Жолмағанбетов өмір мен өлім арасында жатқанын айтып жылады. Оның айтуынша, мұндай жағдайға душар еткен бұрынғы жұмыстасы, яғни танысы екен. Қарыз алып, бірнеше ай хабарсыз кеткен соң, күйеуі оның үйінің маңынан ұстап алып, ақшасын қайтаруын сұраған. Алайда қарызға ақша алған Нұрлыбек Мусин деген танысы ай-шай қарамастан, оны соққының астына алған көрінеді.
Анаргүл Муғзарова, жәбірленушінің әйелі:
— Аяусыз соқты, балаларының көзінше. Аса қатыгездікпен соқты. Мен сасқанымнан ана жерде видео түсіру түгілі, балаларымды машинаға отырғыза алмай қалдым. Әкелеп шырылдап жылағанда, жаман күйге түстім. Үлкен қызымның тірілдегі бар, кіші баламның жүрегі ауырады. Солар ауырып қала ма деп, машинаға отырғызып келгенше, жолдасымды аяусыз ұрып-соғып, сол жерге тастап кетіп тұр.
Аяусыз таяқ жеген науқасқа жедел ота жасалған. Науқас қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы ауыр - дейді дәрігерлер.
Дархан Жақсылықов, Атырау облысы ауруханасының анестезиолог-реаниматологы:
— Атырау облыстық ауруханасының қабылдау бөлімшесіне ауыр жағдайда түсті. Өңеш жарақаты, медиастинит деген диагнозбен ауыр жағдайда түскен болатын. Ота жасалды, қазір аппаратпен демалып жатыр.Жағдайы өте ауыр.
Туыстары 30 мың теңгеге бола, бала-шағасының көзінше тепкілеген 40 жастағы күдіктіні полиция қамауға да алмады деп ашынады. Кешірім сұрауға да жарамады деп отыр. Ал полиция қылмыстық іс тіркелгенін айтқанымен, тергеу мүддесіне сәйкес, толық ақпарат бермейміз деп отыр.
Мейірім Ердәулет, Атырау облысы ПД ресми өкілі:
— 18 маусымда Атырау қаласында 85 жылғы ер адамды ұрып-соғу дерегімен қылмыстық іс тіркеліп, кешенді тергеу жүргізіліп жатыр. 85 жылғы күдікті ұсталып, қазір күдіктіден жауап алынуда. Жәбірленушіге қатысты сот-медициналық сарапта тағайындалды. Соның нәтижесіне сәйкес процессуалдық шешім шығарылады.
Аурухананың алдын торып, ағыл-тегіл жылап тұрған келіншек құзырлы органдардан әділдікті талап етеді. Балаларының көз алдында әкесін ұрып, ессіз күйге түсірген күдікті жазасын алса дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары