Бесағашта тұратын Асхат Тарғын құрылыс компаниясымен айқасуға кірісті
Әнші Асхат Тарғын шығармашылығын ысырып қойып, құрылыс компаниясымен айқасуға кіріскен. Өнер жұлдызының үйінің маңайынан тұрғын үй кешені салына бастағалы мазасы қашқан. Өйткені күніне әрлі-берлі жүз рет өтетін жүк көлігі көтерген шаңнан көршілерімен қоса тұншығып отыр. «Шаңнан көз ашпай отырмыз» деген әнші құрылысқа жауаптылардың қандай да бір шара қолдануын сұрайды. Ал ондағылар сәл шыдасаңдар, жолға асфальт төсеп береміз деген.
Автор: Әсем Лесбек
17.07.2025
«Мария, арман едің» әнімен талай тойдың көркін қыздырып жүрген әнші Асхат Тарғын бүгінде құрылыстың әлегінде жүр. Өнер жұлдызы осыдан екі жыл бұрын Бесағаш ауылына үй салып, қоныс аударған. Қаланың шуынан қашып, тау етегіндегі тыныш жерге көшіп келдім бе дегенде, бұл жақта да тұрғын үй кешенінің құрылысы басталыпты.
Асхат Тарғын, әнші:
— Buta Group компаниясы үй салғаннан бері үлкен бір проблема болып тұр. Өйткені ешқандай жұмысы талапқа сай емес. Көшемізді бүлдірді. Шаң үйге кіріп-шыға алмаймыз, тереземізді аша алмаймыз. Көріп тұрсыздар, жүк көлігінен шыққан шаңды. Күніне осы жерден 90 КамАЗ өтеді, мазамыз қашты. Таңғы жетіден басталады, ұйқы жоқ. Алдында сенбі, жексенбіде де жұмыс істеді.
Ең сорақысы, құрылыстың кесірінен мұндағы үйлердің сырты опырылып жатыр. Гүлзира Арықбай зәулім баспанаға небәрі жарты жыл бұрын көшіп келіпті. «Бірақ қуанышым көпке созылмады» - дейді әйел. Үйінің қабырғасына сызат түсіп, едені жарылған.
Гүлзира Арықбай:
— Біз осында көшіп келгенімізге алты ай болды. Жаңадан түскен үй болған. Құрылыстың кесірінен керегелеріміз ашылып, дүрсілінен балаларым шошып, үйде отырудан қорқып сыртқа қашады. Еденімізге дейін дейін ашылып, керегелеріміз де ашылып, топырақ жұтып жатырмыз.
Айгүл Қасенова:
— Үйдің терезелері қирап жатыр. Күніге, жоқ дегенде, 2.5-3 балл, орысша айтқанда, сілкиді. Шаңдатып күні-түні, тіпті түнгі сағат үште де жұмыс істейді. Ескертіп айтсаң, «қайда барсаң, сонда бар» дейді.
Тұрғындар кешен құрылысына бір емес, бірнеше компания жауапты дейді. Солардың бірінің айтуынша, түнде жасалынатын құрылысқа мердігер компания жауапты. Ал жол мәселесін жақын арада шешеміз отыр.
Ермек Саурықбаев, Buta Group ЖШС өкілі:
— Біз бұл жолды қалпына келтіру мәселесін толық қолға аламыз. Су құбырларын да тартуды өз жауапкершілігімізге аламыз. Жолға талапқа сай, ыстық асфальт төсейміз және құрылыс кезінде оны күтіп ұстаймыз. Келісімшарт бойынша құрылысты 2027 жылдың ортасында аяқтауымыз қажет.
Дегенмен құрылыс компаниясы мұнда не салынып жатқанын ашып айтпады. «Көпқабатты тұрғын үйлер болады» деген ақпаратты жоққа шығарды. Ал әкімдіктегілер құрылысқа рұқсат бар, ғимараттар арасында қашықтық пен барлық санитария ережелер сақталған дейді. Дегенмен тұрғындар бүлінген үйлерінің шығынын кімнің өтеп беретінін түсінбей дал. Жолдың жыры мен түнімен тоқтатамайтын құрылысты әкімдік қадағаласа екен дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары