{metadescription}
«Жұт келе ме?». Созақ даласында қуаңшылықтан жылқылар әлсіреп құлап жатыр
«Жұт келе ме?». Созақ даласында қуаңшылықтан жылқылар әлсіреп құлап жатыр

«Жұт келе ме?». Созақ даласында қуаңшылықтан жылқылар әлсіреп құлап жатыр

Түркістан облысында қуаңшылықтан мал қырылуы мүмкін. Себебі Созақ даласы тақырға айналып, тебіндей алмаған жылқылар иен далада әлсіреп құлап жатыр. Қырсыққанда, сырттан әкелінетін жем-шөп те қымбаттап кеткен. Күн суымай жатып төрт түліктің біразынан айрылған жұрт бір-екі айда нағыз жұт келеді деп қорқып отыр. Малмен күнелткен ауылдағы ағайынның жайын КТК тілшісі біліп келді.

Созақ жеріне биыл бір тамшы жаңбыр жаумаған. Жайылым қуарып, өсімдік атаулы қурап қалған. Әшейінде шөбі шүйгін жерлердің өзі кәдімгі тақырға айналып, мал өрісте қураған шөптің қиқымын іздеп жүр. Тіпті тау бөктерінде әр жерде жылқылар әлсіреп құлап, тұра алмай, ит-құсқа көптеп жем болып жатыр.

Пернебек Байділлев:

Салқын түскен жоқ, осылай құлап жатыр. Салқын түссе, білмеймін, қанша жылқы қырылатынын. Көбінде қоң жоқ, бәрі арық. Ертең күн ыз еткенде, жаппай құлай бастайды. Биыл қиын болып тұр. Біздің уайым осы   қуаңшылықтың зардабын шегеміз бе деп отырмыз. Биыл жұт болайын деп тұр.

Созақ даласында мұндай қуаңшылық соңғы мәрте 35 жыл бұрын тіркелген екен. Ол кезде де жем-шөп тапшы болып, жұрт мыңдап малынан айрылған. Тура солай қазір жем мен шөп былтырғыдан екі-үш есеге дейін қымбаттаған. Мәселен, былтыр 75-80 теңгеге сатылған бидай қазір 150, ал шөптің әр бумасы мың жарым теңгеге бір-ақ шыққан.

Мұхамеджан Рыскелдиев:

  Бұрын 350-ден алатынбыз, қазір мың бірдеме боп тұр, келуі де қымбат. Жерде от жоқ, ешқандай. Сиырымыз, малымыз, жаздай осы шөпке қарап тұр. Қолдан қоректендіріп жатырмыз. Алды өліп жатыр, арық. 5-6 сиыр кетті, он шақты қой кетті, жылқыдан кетіп жатыр.

Жұрт өрісте жүре алмай қалған малын үйіне әкеп жемдеп жатыр. Мысалы, өлуге айналған мына бие екі аптадан бері байланып тұр. Арықтағаны соншалық, құлынын емізуден қалыпты. Негізінен малмен күнелткен ауыл халқы тапқанын жанына емес, малына беріп жатыр.

Асылхан Шоңғараев:

Бір мал күніне 5 мың теңгеге жеп жатыр. Менің қазір үйімде тұр. Мен өзім күніне 5 мың теңгеге тамақ ішпеймін. Қаншама халық қазір қиналып, қатты жүдеп кетті, мал да халық та. Ал қазақтың ең бірінші малы жүдесе, қазақ та жүдейді. Біз жер астындағы уранмен емес, осы ауыл шаруашылығымен күн көріп отырмыз.

Елдің тарығып жатқанынан «хабарымыз бар» деген аудан билігі жұттың алдын алуға әрекеттеніп жатырмыз дейді. Яғни Солтүстік Қазақстан және Қостанай облысының басшыларымен келіссөз жүргізіп, сол жақтың шөбі мен бидайын арзан бағада жеткізіп беруге келістік деп отыр.

Серік Маманов, Созақ ауданы әкімінің орынбасары:

Созақ ауданында сатылымда шөп те бар, бидай да бар, кебек те бар. Қымбат. Қымбатшылыққа байланысты, сол, басындағы бағамен жеткізіп беріңіздер деп тұр. Басындағы баға ол орылғаннан кейін шығады. Бірақ арзан болады. Бағасы біздегіден төмен болатынын біліп тұрмыз.  150-135 болса, ол жақта 70-80 болуы мүмкін.

Ал солтүстік өңірлерде бидай мен шөп орымы енді басталыпты. Сондықтан арзан жем-шөп тек екі-үш аптадан кейін жеткізіле бастайды. Әзірге жұттан аман шығудың бұдан басқа амалы табылмай тұр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде