{metadescription}
«Не ақша, не үй жоқ». Алматы облысында 60 үлескер далада қалған
«Не ақша, не үй жоқ». Алматы облысында 60 үлескер далада қалған

«Не ақша, не үй жоқ». Алматы облысында 60 үлескер далада қалған

Құрылыс компаниясы сан соқтырып кетті. Алматы облысында 60 үлескер уәделі баспанасын ала алмай жүр. Екі жыл бұрын олар іргетасы да қаланбай жатқан үйге қыруар қаржы құйған. Ал қоныс тойын өткен жылдың мамырында тойлауы тиіс еді. Алайда мердігер құрылысты аяқтамай жатып істі болып, өз басымен қайғы болып кеткен көрінеді. Не ақшасын қайтара алмай, не үйін ала алмай қалғандардың жанайқайын КТК тілшісі тыңдап келді.

“Бастау” тұрғын үй кешені былтыр қолданысқа берілуге тиіс еді. Алайда құрылысы тоқтап қалған. Ал үйдің құрылысына екі жылдан бері шамамен 60-қа жуық үлескер ақшасын құйған

Гүлмира Әлімқұлова ұлының денсаулығына байланысты Қарағандыдан Алматыға арнайы қоныс аударған. Былтыр дәл осы тұрғын үйден үш бөлмелі пәтер алмақ болады. 15 миллион теңге несие алып, алғашқы жарнасын төлеп, қалғанын компания ұсынған бөліп төлеу шарты бойынша екі жылға рәсімдепті. Алайда уәделі үйіне сол күйі кіре алмай, қазір құқық қорғау органдарының табалдырығын тоздырып жүр.

Гүлмира Әлімқұлова, үлескер:

Үш бөлмелі пәтер аламыз деп келгенбіз. Өйткені біз Қарағанды қаласында тұрдық, сосын осы жерде төрт жасар баламды босанғанда жарақат алды деп, Алматыда емдеу керек болып, Алматыға келдік. Қарағандыдағы пәтерімізді сатуға қойдық. Оған дейін мына жақта кредит алып, Агибаевқа келіп, бірінші 8 миллионын салдық, яғни 30 пайызын. Сосын алты айдан кейін 20 пайызын салдық. 5 миллион 200 мың. Сосын екі ай бөліп төлей бастадық.

Richmond development systems компаниясы үйдің қалған ақшасын «пайызсыз төлейсіңдер» деп, жұртты қызықтырған. Жарнамаға сеніп бар ақшасын мердігерге ұстатқан жұрт енді не істерін білмей жүр.

Жансая Өмірзақова, үлескер:

Екі пәтерге 10 миллион бергем. 2024 жылдың шілдесінде баспана беру керек болған, бірақ берген жоқ. Наурызда ана кісі СИЗО-ға отырып қалды. Одан кейін әйелі шықты, адвокаты шықты, сонымен бізге «бітіріп береміз, күте тұрыңыздар» деген. Ол 10 миллионды біз кредит алып бердік. Айына 650 мың теңге төлеймін. 230 мың теңгені пәтерге төлеймін. Сонымен әлі күтіп жүрміз.

Үлескерлер бұл жер тіпті көпқабатты тұрғын үй салуға арналмаған деп топшылайды. Өйткені қызыл сызықтың үстінде тұр екен. Құрылыс компаниясы әу бастан бұл аумаққа «жер үй саламын» деп, жалған құжат рәсімдеген көрінеді.

Диана Мұқышева, үлескер:

Екі жылдың ішінде бармаған жеріміз жоқ. Сәулет, жер қатынасы, әкімдік. Бәрі бұл жерде құрылыс болмауы керек, өйткені қызыл сызықта тұр дейді. Тіпті үйді салып біткеннің өзінде, үйлеріңіз сүріледі дейді.

Қазір компания кеңсесін жауып тастапты. Өзі қамауда отырған компания басшысының әйелі «тиісті орындарға хабарласыңыздар» деп, қысқа қайырды.

Тиімді шартпен үй аламын деп сан соғып қалған жұрт полицияға шағымданған. Қазір бұл іске қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ПД ресми өкілі:

Аталмыш қылмыстық іс тергеу басқармасымен тергеліп биыл ақпанда іс өндірісі бітіп, нәтижесінде іс материалдары сотқа жіберілді. Қазір Алмалы ауданының соты қарастырып жатыр. Бұл қылмыстық іс бойынша 50 адам ресми түрде арыз жазды. Қазір тергеу басқармасына тағы да 30 адам шағымданды. Олардың арыздары бойынша сот алды тергеу жүргізіліп жатыр.

Жұрт, ең болмағанда, салған ақшамызды қайтарып берсе дейді. Айта кетерлігі, бұл компанияның алғашқы жобасы емес екен, қаладан тағы бір тұрғын үй салмақ болған. Алайда бел ортасына келгенде «заңсыз салынған» деп бұзып тастаған көрінеді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде