Бас прокуратура Бақытгүл Хаменованың тойдағы видеосына түсініктеме берді
«Тойға баруға рұқсат алған». Сыбайлас жемқорлығы үшін сотталған Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың той төрінен орын алып, тост айтқалы жатқан видеосына қатысты Бас прокуратура үн қатты.
Автор: Айжан Шамшидин
30.10.2025
Ғалымжан Қойгелдиев, ҚР Бас прокурорының орынбасары:
— Хаменова ханымға жазасын өтеуді үш жылға шегеру шарасы қолданылған. Яғни оның осындай іс-шараға қатысуына тыйым салынбайды. Оның үстіне, ол пробация қызметінен арнайы рұқсат алыпты. Ал жалпы кейінге қалдыруға қатысты айтарым, 16 шілдеден бастап ҚР Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізілді. Бұрын бұл мәселе сот қалауы бойынша шешілетін, яғни қолдану немесе қолданбау сот құзыретінде болатын. Енді бұл соттың міндеті.
Атыраудағы тойда Хаменованың төбе көрсеткен видеосы желі қолданушыларының арасында қызу талқыланды. Сотталған адамның көпшілік қуанышында жүргеніне таңданысын жасырмағандар жетерлік.
Еске салсақ, бұған дейін мәжілісте депутаты, кейін Атырау облысы әкімінің орынбасары лауазымына дейін көтерілген Бақытгүл Хаменоваға Абай ескерткішін орнатуға арналған келісімшартты жасауға 4 жарым миллион теңге пара алды деген айып тағылған. Сот 2022 жылдың қарашасында оны кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда кәмелетке толмаған екі баласы бар екені ескеріліп, жаза өтеу мерзімі үш жылға кейін шегертілген. Қазір ол пробация бақылауында.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары