Яна Легкодимованы өлтіргендер өмір бойына сотталуы мүмкін
Атырауда Яна Легкодимованы айуандықпен өлтіргендер өмір бойына бас бостандығыннан айырылуы мүмкін. Бүгінгі сотта мемлекеттік айыптаушы қос күдіктіге осындай ең ауыр жаза тағайындауды тұрады. Алайда сотталушы Ризуан Қайыржанов марқұм Янаны ішкіш, нашақор болған деп айыптады. Тіпті анасына тіл тигізіп, онсыз да қара жамылған отбасын әбден қаралады.
Автор: Жанат Молдашова
13.11.2025
Өткен сот процесінде прокурор сотталушы екеудің қылмысын аса ауыр баптарға өзгертуді сұраған. Бүгін сол жаңа айыптар бойынша іс қарала бастады. Басты күдікті Ризуан Қайыржанов пен Алтынбек Кәкімов бойжеткенді өлтіргенін мойндап, кешірім сұрады. Тіпті Ризуан Қайыржанов өзінің өкінетінін айта отырып, Янаны және оның анасын айыптады. Оның айтуынша, Яна, ішімдік ішіп, есірткі де қолданған көрінеді. Ал анасы жеңіл жүрісті қыздардың жеңгетайы болған дейді.
Ризуан Қайыржанов, сотталушы:
— Біз араласып жүргенде ол темекі шегетін, ішімдік ішетін. Оның бәріне ересек адам ретінде қарадым. Бірге оқыдық. Бірге диссертацияға дайындалдық. Кейін ол бөтен адамдармен араласып есірткі қолдана бастады. Осыдан кейін мен одан алыс жүруді ойладым. Ол үйінде көбіне жалғыз болады. «Анаң неге үйде болмайды?» деп сұрағанымда, Яна анасының жеңіл жүрісті қыздардың диспетчері деді.
Сотталушының бұл айыбына жәбірленуші Галина Легкодимова шыдап отыра алмады. Марқұмның анасы мұның бәрі «дәлелсіз айтылған сандырақ» дейді
Галина Легкодимова, марқұмның анасы:
— Менің балам мен мен туралы бір нәрсе айтар алдында алдымен айғақтар алып кел. Адамды өлтіре салып, кейін оның артынан осынша сөз айтып отыр.
Бүгін сотта мемлекеттік айыптаушы аса ауыр қылмысты бірге істеген екі сотталушыға қатысты айыптау актісін оқып, оларды өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады.
Қайыржан Нұрбергенов, мемлекеттік айыптаушы:
— Құрметті сот, Қайыржанов Рузуан Асанұлын және Какимов Алтынбек Асылбекұлын ҚР ҚК 99-бабы — адам өлтіру, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен, пайдакүнем ниетте қарақшылық жасау және де 202-бабы — бөтеннің мүлкін қасақана жою баптары бойынша айыпты деп санап, біржола өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраймын.
Жәбірленуші тарап қос күдіктіден материалдық шығын ретінде 10 миллион, ал моральдық өтемақы үшін әрқайсысынан 25 млн теңгеден өндіруді талап етті.
Еске салсақ, 23 жастағы Яна Легкодимова бір жыл бұрын із-түзсіз жоғалған. Кейін күдікті ретінде екі адам ұсталды. Ризуан мен Алтынбек бойжеткенді өлтіріп, денесін Жайық өзеніне ағызып жіберген. Марқұмның денесі тек сегіз айдан кейін табылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары