{metadescription}
Семейде үйі өртенген жеті отбасы қара суықта далада қалды
Семейде үйі өртенген жеті отбасы қара суықта далада қалды

Семейде үйі өртенген жеті отбасы қара суықта далада қалды

Семейде баспанасы күлге айналған жеті отбасы қара суықта далада қалды. Бір күн бұрын қос қабатты үйден өрт шығып,  бірнеше пәтер түгі қалмай жанып кеткен. Бір күнде барынан айырылғандардың жартысы туыстарын паналап жүр. Ал барар жері жоқ тұрғындарды әкімдік уақытша орталықтарға қоныстандырыпты.

Қос қабатты баспананың іргетасы жарты ғасыр бұрын қаланған. Қас-қағым сәтте күлге айналды. Далада қалған жеті отбасы қайда баратынын білмей дал. Жұрт жергілікті әкімдік құрғақ уәдемен қарық қылып жатыр деп наразы.

Тұтанған қызыл жалын әп-сәтте күш алып, екінші қабаттағы пәтерлердің бәрін шарпыған. Тіпті жұрттың жылдар бойы жиған дүние- мүлкі де күлге айналған. Соның бірі – Нұргүл Ахметханова. Зейнеткер отқа оранған баспананы 20 жылдан бері паналап келген. Алайда шенеуніктердің қулығы төбемнен жай түсіргендей қылды, дейді.

Нұргүл Ахметханова:

Әкімдікке барып бейсенбіге жазылып қойдым. Одан кейін тағы бір мекемеге бардым. Соларға барсам, мені бұлш үйде тұрмайды деп жазып қойыпты. Жынды ма? Мен тұрып жатырмын деп, есігімді ашып қойып, «мен мына үйде тұрамын» деп айғайлайын ба?

Тілсіз жаудың кесірінен тентіреп қалаған қараша ыстық тамақты сырттан ішіп, ағайын-туысын жағалап жүр. Шарасыз күйге түскендер әкімдік жәрдемдесуге жарамады деп қапалы.

Марина Маштакова:

Кеше түске дейін күттік. Комиссия болған жоқ. Өзім бірге келемін деген әкім де келген жоқ. Комиссиямен бірге келемін деген әкім бізді алдап кетті. Ақыры әкімді өзіміз іздеп бардық. Нақты көмекті айта алмады. Есесіне, маған сіз пәтер алу үшін үйді өзіңіз өртеп жіберген шығарсыз дейді. Бұл ұят емес пе? 

Алайда атқамінерлер жұрттың базынасын жоққа шығарды. Олар қолдан келгенше қолдау білдіріп жатқанын айтып отыр. Ал далада қалған тұрғындарға нақты қандай көмек көрсетілетінін нақты айта алмады.

Диана Шаяхметова, Семей тұрғын үй қатынасы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

Қала әкімінің қатысуымен жедел штаб ұйымдастырылды. Тиісті тапсырмалар берілді. Барлығы қажет көмекпен қамтылған. ТЖД өрттің нақты неден тұтанғанын анықтап жатыр. Қортынды шыққаннан кейін нақты шешім қабылданады.

Бұл үй 2023 жылы апатты деп танылған. Бірақ кейбір тұрғын бұл шешімнен бейхабар. Алапат өрттен келген шығынды кімнің өтейтіні де белгісіз. Сондықтан суықта далада қалған жұрт сотқа жүгінбек. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде