«Үш ай қоныстана алмай жүр». Алматыда бітпеген үйді пайдалануға берген
Құрылысы бітпеген үйді пайдалануға берген. Алматыда тұрғындар үш айдан бері жаңа пәтеріне кіре алмай жүр. Жөндейін десе, пәттерде не жылу, не жарық жоқ. Жеделсатының да тек орны тұр. Наразы жұрт құрылыстың шикілігі көп дейді. Оны атқамінерлердің қалай қабылдап алғанына аң-таң.
Автор: Ақтоты Жұмабек
01.12.2025
Үй үш ай бұрын қолданысқа берілген. Ал тұрғындар пәтерін әлі жөндей алмай отыр. Себебі, мұнда не жылу, не ыстық су жоқ. Тіпті жеделсаты да орнатылмаған.
Анар Кенжебекова пәтерді мемлекеттік бағдарламамен алған. Алайда келіншектің қуанышы көпке созылмапты. Әрең қолы жеткен баспанасында жылу да, жарық та жоқ. Анар әлі күнге дейін бала-шағасымен жалдамалы пәтер жағалап жүр.
Анар Кенжебекова:
— Міне, үш ай болды, баспанама кіре алмаймын. Жалға төлеп жүрмін, кредит төлеп отырмын, қосымша және ипотека төлеп отырмын. Осындай қиын жағдайға түсіп, қазір үш жақты, міне, жалақымызды жеткізе алмай, әзер отырмыз. Пәтер жалдауға 250 мың теңге төлейм. Қиналып кеттік. Не анда емес, не мұнда емес. Жылу да жоқ.
Үйдің сырты ғана бүтін, ал ішіндегі құрылыс жұмысы әлі бітпеген. Жайлы үй деп сатылғанымен, мердігер арзан әрі сапасыз материалдарды қолданған дейді наразы жұрт. Құрылыс компаниясы аумақты абаттандыруды да ұмыт қалдырған. Қоршаудан бастап, футбол алаңы, тіпті үй алдындағы орындыққа дейін тек жарнамада, сурет жүзінде қалған.
Ерасыл Ноғайбеков:
— Осы алаңның өзі әр түрлі, негізі жақсы балалар алаңы бар, демалатын алаңдар бар, футбол алаңдары бар. Сондай бәрі көрсетілген, әдемі, қазақи нақышта болады деп айтылған. Енді қазір қарасаңыз, ондай ештеңе жоқ. Асфальттарын төсеп қойған, балалар айда ойнайтынын бір Құдай біледі. Артында алаң болу керек еді, ол жерге автотұрақ жасап қойды.
Тұрғындар тек мердігерге емес, бітпеген нысанды қабылдап алған шенеуніктерге де өкпелі. Алайда олардың шағымына қатысты не құрылыс компаниясынан, не әкімдік өкілдерінен жауап ала алмадық.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары