Алматы ауруханасында күрделі оталарды робот-хирург жасап жатыр
Операцияны робот-хирург жасайды. Алматыдағы жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына жаңа медициналық көмекшілер әкелінді. Заманауи техника жоғары шеберлік пен дәлдікті талап ететін күрделі оталарды жасайды. Тағы бір құрылғы науқастарға протез салуға ат салысады. Дәрігерлердің айтуынша, роботтың көмегімен жасалатын операция кезінде тілік аз болады, әрі науқас тез қалпына келеді.
Автор: Салтанат Шырынхан
01.12.2025
Дәрігерлердің жұмысы енді жеңілдей түспек. Жаңа заманауи технология ми мен жұлынға жасалатын отада, омыртқа хирургиясында және өзге де жоғары дәлдікті қажет ететін операцияға қолданылуда.
Константин Ли, жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының бөлім меңгерушісі:
— «Экзоскоп, Olympus Orbeye құрылғыны екі жылдан бері білемін. Әлемнің жетекші хирургтары мұны талай тәжірибеден өткізіп, оң бағасын берген. Бүгінде бізге жеткеніне қуаныштымыз. Құрылғы ми мен жүйке жүйесіндегі сау тіндердің зақымдану қаупін де азайтады.
Ауруханаға тағы бір жаңа жабдық жеткізілген — Stryker Mako роботы. Жүйе тізе, буынды эндопротездеуге көмектеседі. Құрылғы арқылы компьютерлік томография негізінде буынның 3D-моделі жасалады.
Сағит Маханов, жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының бөлім меңгерушісі:
— Робот жүйесімен тізе буын эндопротез операциясы жоспарлануда. Қазір біз алдын ала роботты қосып, дайындап қойдық. Роботтың көмегі мен артықшылығы — тілік аздау болады және жұмсақ тін аз зақымданады. Сонымен бірге науқас жылдам оңалады, тезірек жүріп, қалпына келеді.
Осылайша робот ағзада протездің ұзақ қызмет етуіне көмектеседі әрі науқастардың қалпына келуі әлдеқайда тез дейді ақ халаттылар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары