«Айзаттың қазасы». Сотта атпен сүйрегені және марқұмның жүкті болғаны расталмады
Талдықорғанда күйеуі «ұрып өлтірген» 32 жастағы Айзат Жұманованың қазасына байланысты сотта марқұмның күйеуі Айбар Жанболаттан жауап алынды. Ол жұбайын опасыздық жасады деп күдіктенген. Сөйтіп әйелін ұрғанын мойындаса да, бас сүйек пен қабырғасының сынуына кінәлі емес екенін айтты. Ал сараптама келіншектің өлімі басының жарақатынан болғанын көрсетті. Сот процесін КТК тілшісі бақылап келді.
Автор: Назерке Ержанқызы
19.12.2025
Марқұмның жақындарының айтуынша, айыпталушы әйелін ұрып-соғып ғана қоймай, тіпті тістерін де сындырған. Ал Айбар Жанболаттың өзі кінәсін жартылай ғана мойындап отыр. Ол адам өлтіруді жоспарламағанын, тек әйелін бірнеше рет шапалақпен ұрғанын айтып отыр.
Айыпталушы сөзін марқұм жұбайының ата-анасынан кешірім сұраудан бастады. Айтуынша, жанжалға себеп болған — телефон қоңырауы. Сол сәтте мас күйде күйеуі әйелін қызғанып соққыға жыққан. Кеуде тұсынан жұдырықпен ұрған кезде әйел шалқасынан, тас төселген жерге құлап есінен танған.
Айбар Жанболат, айыпталушы:
— Марқұм жарымның ата-анасынан, әке-шешесінен, туған-туыстарынан және өз ата-анамнан қайғырып, кешірім сұраймын. Болған іске қатты өкінемін. Бұл оқыс жағдай түсінбеушіліктен, білмеушіліктен, өзімнің сабырсыздығымнан болды. Мен марқұм жарымды жақсы көрдім. Жақсы көрем де. Мен оны қасақана өлтіретін ойым да, ниетім де болған жоқ. Жарымнан айырылып, баламның жетім қалғаны маған да оңай болып тұрған жоқ.
Айбар Жанболат жедел жәрдем шақыруға асықпаған. Әйел есінен танып қалғаннан кейін ғана оны ауруханаға өзі жеткізген.
Сот отырысында марқұмның өмірінің соңғы сәттері бейнеленген жантүршіктіретін бейнекадрлар алғаш рет көрсетілді. Ал сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша, марқұмда бас жарақаты, мидың ісінуі, жамбас және аяқ-қол сүйектерінің сынғаны анықталған.
Тахир Халимназаров, сот-медициналық сарапшы:
— Қорытындыда: бас-ми жарақаты. Ол жерде біздің көрсетуіміз бойынша, басқа, соның ішінде бетіне салынған бірнеше жарақат, шүйде жағынан бас сүйегі сынған. Сынық бас сүйегінің астына өтіп кеткен. Соның бәрін комбинация дейді. Бәрін қосып, бір бас-ми жарақаты деп есептелді. Оның бәрі қатты доғал заттан болған.
Сараптама қорытындысы әйелді күйеуі «атпен сүйреген» деген ақпаратты растаған жоқ. Сондай-ақ марқұмның жүктілігі болмағаны анықталды. Ал айыпталушының айтуынша, оқиға болған сәтте екі жасар қызы ұйықтап жатқан.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары