{metadescription}
Асанәлі Әшімов: Ұлы адамдар түсіме кіреді, сағынамын, бұл дүниедегі қатарым аз қалды...
Асанәлі Әшімов: Ұлы адамдар түсіме кіреді, сағынамын, бұл дүниедегі қатарым аз қалды...

Асанәлі Әшімов: Ұлы адамдар түсіме кіреді, сағынамын, бұл дүниедегі қатарым аз қалды...

Алаш жұрты театр және кино өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек ері Асанәлі Әшімовті ақтық сапарға шығарып салды. 89 жасқа қараған шағында өмірден өткен актер қос ұлының қасына — Кеңсай зиратына жерленді. Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өткен қаралы жиынға келген жұрттың қарасы қалың.

Аты аңызға айналған Асанәлі Әшімовпен қоштасу рәсіміне келгендерде есеп жоқ. Мұнда билік өкілдерінен бастап, марқұмның әріптестері мен ет жақындары түгел жиналған. Бірінен кейін бірі сөз алған зиялы қауым өкілдері актердің қазақ руханияты үшін атқарған істерін қайғыра еске алды.

Меруерт Өтекешова, Қазақ КСР Еңбек сіңірген артисі:

Асанәлі аға маған көп көмек берді. Неге десеңіз, кинорежиссер ретінде мені киноға түсірді. Ұстаз ретінде өз шәкірттеріне қанша жақсылық жасады. Солар үшін кітап шығарды.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин президенттің көңіл айту жеделхатын оқыды. Мемлекет басшысы марқұмның сахна саңлағы әрі кәсіби киногер ретінде соңына өшпес із қалдырғанын атап өткен.

Аса көрнекті өнер тарланы, халық артисі, Қазақстанның еңбек ері Асанәлі Әшімовтың дүние салуына байланысты қайғыларыңызға ортақтасып көңіл айтамын. Өрелі өнердің туын биік ұстап, өнегелі ғұмыр кешкен Асанәлі Әшімовтің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде сақталады. Иманы саламат, жаны жәннатта болсын.

Асанәлі Әшімов бүкіл саналы ғұмырын театр және кино саласына арнап, төл мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосты. Марқұм қолынан келген көмегін ешкімнен аямайтын дейді сахнадағы әріптестері.

Байеділ Наурызов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: 

Бірге қызметтес болдық. Сахнада бірге ойнадық. Бір өнердің жарық жұлдызы тағы да ағып түсті. Сахнаға шықса, тек жанып кетеді. Онда өтірік ойнау, ойланып тұру жоқ еді.

Актер тек Бекежан рөліне ғана емес, өзі ойнаған барлық образға көрерменін сендіре білді. Жалпы 30-дан астам фильмге түсіп, театр сахнасында 50-ден аса қойылымда ойнады. Ал оның режиссер ретінде таспаланған туындылары талай кинофестивальде топ жарды. Марқұмның ғұмырында қуанышпен қатар қайғы да аз болмады. Ол жарынан, кейін қос ұлынан қатар айырылды. Дегенмен тағдыры еркелете қоймаса да, халқына емін-еркін еркелей алды.

Бақыт Беделханұлы, ақын:

Қазақтың бүкіл өнерін, қазақтың рухын, қазақтың қасиетін, қазақтың бүкіл дүниесін әлемге танытты. Асанәлі ағам: «өзі ұлылардың бәрі түсіме кіреді, сағынамын, менің бұл дүниедегі қатарым аз қалды, о дүниедегі қатарым, достарым көп» деп жиі айтатын. Одан кейін ешкімді әуреге салмай, өзім де қиналмай ұйықтап кетсем, арманым жоқ дейтін. Тура сол арманына жетті.

Осылайша тау тұлғасымен ел қимай қоштасты. Марқұм Кеңсай зиратына, яғни қос ұлының қасына жерленді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде