«Атырауда жоғалғандар». Ерлі-зайыптылар жерленді; күйеу баласы — күдікті
Атырау облысында жантүршігерлік жағдайда қаза тапқан ерлі-зайыпты бүгін жер қойнына тапсырылды. Мақсот Мұқанғалиев пен Нәсіп Өтешқалиеваның денесі өз үйінен табылған болатын. Ал олармен бірге із-түзсіз жоғалған ұл-қызының не тірі, не өлі екені әлі беймәлім. Қанды қылмысқа қатысы бар деген күдікке бұл отбасының күйеу баласы ілінген. Әйелімен бірге шетел асып кеткен Сұлтан Сәрсемәлиевтің ата-анасы оның мұндай айуандыққа бармайтынын айтып отыр.
Автор: Жанат Молдашова
08.01.2026
Жангелдин ауылындағы жантүршігерлік қылмыс бойынша күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевтың анасы соңғы рет онымен 11 желтоқсанда сөйлескенін айтады. Одан кейін хабарсыз кетіпті. Келіні Ақбаян Мұқанғалиева психдиспансер есебінде тұрған көрінеді. Сол себепті балаларды өзі бағып-қағады екен. Ал күдікті мен әйелі Атырауда үй жалдап тұрған.
Гүлнар Әзмұқанова, күдіктінің анасы:
— Мен баламды өйтіп тәрбиелеген жоқпын. Балам тәртіпті. Ондай жолға барады деп ойламаймын. Құдай сақтасын, мүмкін емес ол, мүмкін емес. Сенбеймін. Әкесі қатты, әкесінен қорқады негізі. Әскерден келген соң күзетте жұмыс істеді. Қазір ісемейді, жүк тасушы болып істеп келеді.
Күдіктінің ата-анасы Жангелдин ауылындағы құдаларымен жақын араласпапты. Тіпті келіні Ақбаян ауырғалы оларға ренжігенін айтады. Бұған марқұмдар қызын іздемеуі себеп болды дейді Сұлтан Сәрсемәливтың анасы. Ол зейнет жасында болса да, немерелерімді өз жауапкершілігіме аламын деп отыр. Бес баланың үлкені 10 жаста, кішісі бір жаста. Махамбет ауданы білім бөлімі мамандары «балаларды бақылауға алдық, әзірге ата-әжесінде болады» дейді.
Айтөре Әбенова, Махамбет ауданы білім бөлімінің қызметкері:
— Балаларға беретін ата-аналарының жоғалғаны, хабар-ошарсыз деп танылғаны, я болмаса, басқадай ақпарат қолымызда жоқ. Қорған болу мәселесі осы іс анықталғаннан кейін қаралады. Оған дейін ата-әжесі қараймыз деп отыр, сол кісілерге сенім білдіріп отырмыз.
Өз үйінен өлі табылған ерлі-зайыпты бүгін жер қойнына тапсырылды. Ал полиция қанды қылмысқа осы отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиевтің күдікті екенін бүгін ғана ресми растады.
Абай Жұмабаев, Атырау облысы ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары:
— Атырау облысында Жангелді ауылының тұрғындарын өлтіру дерегі бойынша күдіктіге іздеу жарияланды. Қылмысқа күдікті – Атырау облысы Махамбет ауданының 29 жастағы тұрғыны. Сондай-ақ өзге де тұлғалардың қатысы бар-жоғы тексерілуде.
Сұлтан Сәрсемалиев пен оның әйелі Ақбаян Мұқанғалиева Атырау қаласынан осы үйдің бір жағын жалға алып, бір жарым жылдай тұрған. 5 қараша күні Жангелдин ауылынан жоғалғандардың бірі Мейрамгүл Қарабалиеваны алып шығып, олар осында келген деген болжам бар. Ал Наурыз Мұқанғалиевті туыстары соңғы рет тек мамыр айында көрген. Бірақ ол да осы үйде қарындасы мен күйеубаласының қасында болған дейді жақындары. Қазір құзырлы органдар осы маңды нысанаға алған.
Бірнеше күннен бері Атырау облысы полиция департаментінің жедел тобы осы үйдің айналасын қазып, арнайы құрылғылармен іздеп жатыр. Әзірге күдік туғызатын ештеңе таппаған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары