Түркістан облысы: Шұбарсулық әйел үйінде екі ұлымен түтінге уланып көз жұмды
Түркістан облысында 38 жастағы әйел екі ұлымен бірге түтінге уланып көз жұмды. Мектепте оқитын тағы бір ұл аудандық ауруханада жатыр. Қайғылы жағдай Шұбарсу ауылында орын алған. Тәрбиеші болып істейтін әйел балабақшаға бармаған соң, іздеп келген әріптестері есікті бұзып ашыпты.
Автор: Бек Әбиев
12.01.2026
Жамбыл Дәулетов, марқұмның туысы;
— Келген кезінде есік құлыптаулы, телефонға қоңырау барып тұрған. Іштен бір ыңырсыған дауыс естіледі. Сонымен меңгеруші балабақшаға хабарлайды. Сөйтіп күллі балабақшаның адамдары келіп, есікті бұзып кірген. Мен жедел жәрдемді көріп, у-шудан жүгіріп келдім ғой, жақын жерде тұрамын. Келсек, балаларын сыртқа шығарып қойған, жүрегі соқпайды, үзіліп кеткен екен.
38 жастағы Раушан Ахметова Шұбарсу ауылына төрт жыл бұрын ажырасқан соң көшіп келген екен. Үш ұлымен жалдамалы жер үйде тұрып жатқан. Көмір жағылатын пеш мұржасын әне-міне тазалаймын деп жүргенін көршілеріне айтқан екен. Бірақ үлгерген жоқ. Бес және жеті жасар ұлымен бірге оны Отырар ауданында жерледі. Ал періштесі қаққан ұлын енді әкесі қарайды. 7-сынып оқитын балаға анасы мен інілерінен айырылғанын әлі естіртпепті. Осы жағдайдан кейін жергілікті билік пеш жағатындарға ескертуді күшейтеміз деп отыр.
Ғабит Аман, Шұбарсу ауыл округі әкімінің орынбасары:
— Бұның алдында бұл үйде болғанбыз, жаңағы Раушаның өзімен де жолығып, есігінің алдында түсіндіру жұмыстарын жүргізгенбіз. Алайда осындай жағдай орын алды. Енді ауыл округінің бәріне осы жұмысты күшейтсек пе деп отырмыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары