«Аязға төзбеген». Павлодар облысында мембағдарламамен пәтер алғандар далада қалды
Павлодар облысында мемлекеттік бағдарлама бойынша баспаналы болған отбасылар далада қалды. Себебі сапасыз салынған үйлердің алғашқы аязда қабырғалары жарылып, терезесін зең басып, төбесінен суық ұрып тұр дейді тұрғындар. Сол себепті олар суық баспанасын тастап, басқа пәтер жалдауға мәжбүр болған. Ал жергілікті билік жаңа үйлердегі олқылықтың орнын толтырамыз деп уәде беріп отыр.
Автор: Айгүл Өзекова
26.01.2026
Мамаит Омаров атындағы ауыл Павлодардан сексен шақырым жерде орналасқан. Осы өңірден пәтер кілтін алған отбасылар үшін қоныс тойындағы қуаныш су сепкендей басылды. Баспананы ұзақ жыл күткен халық әкімдік жаңа үйді кенет бергенде, «ешбір шикілік байқамап едік» дейді. Өткен жылдың жазында қол жеткізген баспаналары күздің нөсерінде-ақ тауқымет тартқызған. Енді қыстың аязында үйдің ішінде етік киіп жан бағып отыр.
Александра Сугаг:
— Бәрі шытынап жатыр, шатыр кез келген сәтте опырылып түсуі мүмкін. Қатты суық, бұл үйді жылыту қиын, 15-20 шелек көмір жақсақ та жылу ұстамайды. Өйткені үйдің бәрі шұрық-тесік, содан жылу тұрмайды.
Тұрғындардың айтуынша, қабырға күн сайын емес, сағат сайын жарылады. Даладағы сары аяз үйдің әр бұрышынан сезілетін көрінеді. Тұрғындар үйді жылыту үшін пешті көбірек жағуға тырысқанымен, сүйектен өтетін суықты жеңу мүмкін болмай отыр дейді. Қазір жаңа үйге кірген он отбасының тек үшеуі ғана осында тұрып жатыр.
Жанерке Қасқырбаева:
— Көпбалалы анамын, баратын жерім жоқ. Кейбір көрші көшіп кетті. Мен және тағы бір көпбалалы отбасы осында қалдық. Бұл пәтердің ақысын әлі 15 жыл төлеуіміз керек. Бұл сұмдық қой!
Дірдеңдеп тоңған тұрғындардың мәселесіне аудан басшылары бас қатырмайтын сияқты. Себебі кем-кетікті түзетуге құрылыс компаниясының әлі бір жыл уақыты бар деп, олар жайбарақат отыр.
Әди Таласпаев, Ақсу қаласының әкімдігі құрылыс бөлімінің басшысы:
— Бүгінде техникалық тексеру бойынша бұл үйлерде тұруға болады. Осыған байланысты сараптама қорытындысы, яғни с тексеру жүргізілді. Ол бойынша жою туралы ұсыныс берілді. Бұдан әрі қалпына келтіру жүргізіледі.
Шенеуніктер қалпына келтіруді тек көктемде бастаймыз деп отыр. Ал жалдамалы пәтер жалдауға жағдайы жоқ тұрғындар оған дейін уақытша баспана беруді сұрайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары