Алматы облысы: Ащыбұлақтағы мектептің құрылысы шала-шарпы жүргізілген
Алматы облысында екі мыңға жуық бала сапасыз салынған мектепте оқып жүр. Ащыбұлақ ауылындағы білім ордасы жер сілкінісінен кейін күрделі жөндеуден өткен. Бірақ құрылыс шала-шарпы жүргізіліпті. Қазір нысанның шатырынан су сорғалап, жертөлесін ылғал басқан. Мектепте дабыл жүйесі де орнатылмаған. Баласының қауіпсіздігіне алаңдаған ата-аналармен КТК тілшісі сұхбаттасты.
Автор: Назерке Ержанқызы
27.01.2026
Ащыбұлақтағы бұл мектепте 1800-ге жуық оқушы білім алады. Ата-аналардың айтуынша, нысанда қауіпсіздік талаптары мүлдем сақталмаған. Мектептің шатырынан су ағып, жертөлесін ылғал басыпты. Ғимараттың ішін де қолқаны қабатын жағымсыз иіс жайлаған.
Мәдина Кибриханова:
— Қолқаны қаюаттын сасық иіс бар. Қол жуғанда кері шығатын иісі сасық. Қазір мектепте құрылыс жұмысын атқарып жүрген ешкім жоқ. Бірақ та жауапты тұлғалардан сұрасақ , мектептің құрылыс жұмысы әлі де жалғасуда дейді. Ата-аналардың талабы — мектепті қауіпсіз етіп өткізіп берсін.
Білім ордасы 2024 жылы жер сілкінісінен кейін жабылған. Кейін ғимаратта күрделі жөндеу жүргізіліп, өткен жылдың қыркүйегінде қайта пайдалануға беріліпті. Алайда олқылық көп көрінеді. Мұнда бейнебақылау камералары орнатылмаған, дабыл жүйесі де жоқ. Мектеп директорының айтуынша, мердігер компания жұмысын шала-шарпы атқарған.
Мейрамкүл Құткелдиева, №20 орта мектептің директоры:
— Компания жұмысын аяқтамаған жері анықталып жатыр. Бүгінгі күнде ол кісілердің жазып берген хаты бар. Сол хаттың негізінде ақпан айының онына дейін қалған жұмыстың бәрін реттеп, жөндеп береміз деген уәдесі бар. Мектептің ішіндегі жағымсыз иіс осы жақын күндері пайда болды. Оны да біз алдағы сенбі күні тексереміз.
Ал компания құрылыс тек ғимаратты сейсмикалық тұрғыда күшейтуге бағытталған дейді. Яғни шатыры мен жертөлесін жөндеу міндетімізге кірмейді деп отыр. Ал дабыл жүйесін орнатпаудың себебі мынада екен.
Арыстанбек Омарханов, құрылыс компаниясының бас инженері:
— Иә, дабыл жүйесін орнатуымыз керек еді. Алайда біз бұл салада маман емеспіз. Сондықтан арнайы ұйыммен келісімшарт жасалып, қаржы толық аударылды. Шетелден тапсырыс берген жабдықтар кешігуіне байланысты жұмыс тоқтап қалды.
Шенеуніктердің айтуынша, жертөлені су басуына жерасты суының көтерілуі себеп болған. Қазір бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр екен.
Кенже Бурхина, Ащыбұлақ ауыл округі әкімінің орынбасары:
— Қазір шақырымы 700 метрд қашықтықта дренаж салынып жатыр. Ащыбұлақта тоғандар көп, 21-дей тоған бар. Соған құйылады. Ол толығымен аяқталады.
Тұрғындарға басталған жұмыстың аяқталуын күтуден басқа амал жоқ. Олардың бар қалауы — ұл-қыздарының қауіпсіз мектепте білім алуы. Ал жауаптылар ақпан айына дейін жөндеу толық аяқталады деп сендірді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары