Мектептерде оқу тоқтап, жүріп-тұру қиындады; ШҚО, СҚО, орталықта — үскірік аяз
Еліміздің кейбір өңірінде қыс қаһарына мініп, мектептерде оқу тоқтап, жүріп-тұру қиындады. Шығыс Қазақстанға бұрын-соңды болмаған аяз келген. Ауа температурасы минус 47 градусқа дейін түсіп, өңірдегі мектеп оқушыларына сабақ онлайнға ауыстырылды. Ал Ақмола облысында алты шақырым жерді жаяу жүріп өткен ауыл азаматының аяғы үсіп кеткен. Дәл осындай үскірік еліміздің солтүстігі мен орталығында да бар.
Автор: Айгүл Өзекова
26.02.2026
Шығыс Қазақстанда ең қатты аяз Марқакөл ауданында тіркелді. Мұнда ауа температурасы 47 градусқа дейін төмендеген. Өңірдегі оқушылар сабағын үйден оқыды. Білім алушылардың мектеп бағдарламасынан қалыс қалмауын білім басшылығы назарда ұстаймыз дейді.
Әмина Құрманжанқызы, ШҚО білім басқармасының баспасөз хатшысы:
— Ауа температурасының төмендеуіне байланысты облыс бойынша 311 мектеп қашықтан оқуға көшірілді. Аталған шешім оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданды. Оқу цифрлық білім беру платформалары арқылы ұйымдастырылып, педагогтер тарапынан оқушылар мен ата-аналарға кері байланыс қамтылады.
Ал түнде облыстың солтүстігінде 41 градус аяз күтіледі. Көрші Абай облысында да жағдай тура сондай.
Павлодарда бар оқушылар мен колледждің бірінші және екінші курс студенттері сабақты қашықтан оқыды. Үскірік аяздан 28 ақпанға жоспарланған ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілмейтін болды. «Қазгидромет» мамандары аяз алдағы уақытта да біраз шымшылап, тұман түседі дейді.
Аружан Мұратова, «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы:
— Кең ауқымды аязды антициклон Қазақстанның басым бөлігінде сақталады температурада айтарлықтай өзгеріс күтілмейді. Ауа райы негізінен жауын-шашынсыз болады деп болжанады. Тек оңтүстік өңірде жауын-шашын күтіледі, кей жерде жауын-шашын мол болуы мүмкін, негізінен — жаңбыр. Сондай-ақ жел күшейіп, көктайғақ болады.
Ақмола облысының Целиноград ауданында кеше түнде 35 жастағы ер азамат алты шақырым жердегі шаруа қожалығына жаяу шыққан. Діттеген жеріне көлік жүрмеген соң, қарды омбылатып өзі жеткенімен, аяғы үсіп кеткен. Ақмолалық құтқарушылар оны жақын маңдағы елді мекенге жеткізіп, медициналық көмек көрсетілді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары