«Қиналып кеттік». БҚО: «Сырым» бекетінде бірнеше шақырым көлік кептелісі
Бірнеше шақырымға созылған кептеліс. Батыс Қазақстандағы Ресеймен шекаралас «Сырым» бекетінде көлік кептелісі пайда болды. Жүк көліктері жол жиегінде қаңтарылып қалды. Жүргізушілердің айтуынша, кезектің жылжуы баяу, тас жолдың да жағдайы мәз емес.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
26.02.2026
Элибай Мурадов жүргізуші:
— Шымкенттен келе жатырмыз. Тұрғынымызға екінші тәулік болды, қиналып кеттік, шығын көп. Суықта көліктер қатып қалып жатыр. Бекеттен қашан өтерімізді білмейміз.
«Сырым» өткізу пункті ел батысындағы ең ірі нысан. Бұл жерден тауарлар Ресей, Беларусь пен Еуропа елдеріне жол тартады. Көліктердің көбі Өзбекстан мен Қырғыстаннан келеді. Жүргізушілер алыс жолда «әр күнің алтынға пара-пар» дейді. Ал мына жерде бірнеше тәулік текке кетті. Айдалада ешбір жағдай жоқ.
Ал батыста соңғы күндері аяз тұрғандықтан көліктегілер қозғалтқышты өшірмей, жанармайы таусылуға жақындаған. Сегіз шақырым кептелісте 400-ден астам жүк көлігі тұр. Олар өткізу пункті қызметкерлерінің жайбасарлығы жағдайды қиындатты дейді. Бірақ мемлекеттік кіріс департаментінде әр көлікті бес минутта өткізіп жатырмыз дейді. Бұған осының алдында күн райына байланысты Ақтөбедегі тас жолдарының жабылып қалғаны себеп болып тұр.
Қайрат Ахетов, БҚО МКД экспортты бақылау бөлімінің басшысы:
— Көршіміздің «Маштакова» бекетіндегі жұмыс баяу жүруінен болуы мүмкін. Екінші мәселе бар, ол «Сырымда» жүріп жатқан жөндеу. Осыған да байланысты болуы мүмкін. Дегенмен көліктер еш кедергісіз өтіп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары